Қоғам

Петропавлда лицензиясыз несие берген қаржы ұйымының өкілдері ұсталды

Лицензиясы болмаса да тұрғындарға шағын несие берумен айналысқан. Тағы жоғары пайыз тағайындаған және қарызгерден кепілзат алған. Қаржы ұйымына сеніп несие рәсімдеген жеке тұлғалардың жалпы берешегі 1 млрд теңгеден асады.

МЕЙРАМ ЕРКЕНОВ, СҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқармасының басшысы:

Тергеу шаралары барысында құқыққа қайшы әрекетті растайтын құжаттар мен өзге де заттар тәркіленді. Аталған фактілер бойынша заңсыз кәсіпкерлік қызмет белгілері бойынша қылмыстық істер тіркелді. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жариялауға жатпайды.

ҚР «Сақтандыру қызметі туралы» заңының 14-бабында уәкілетті органның лицензиясы болмаған кезде сақтандыру қызметін жүзеге асыруға тыйым салынатындығы айтылған. Алайда, заңның ала жібін аттап өз жұмысын жалғастырып отырған ұйымдар қаншама. Тиісті орган өкілдері тексеріс нәтижесінде биыл ел бойынша осындай 5 микроқаржы ұйымы жабылған. Алданған қазақстандықтардың арасында теріскей тұрғындары да бар.

МЕЙРАМ ЕРКЕНОВ, СҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқармасының басшысы:

— Микроқаржы ұйымдарының іс-әрекетінен 300 мыңнан астам азамат зардап шекті. Оның ішінде біздің облыстың тұрғындары да бар. Солтүстікқазақстандықтар аталған ұйымдарға 71 млрд теңгені артық төлеген. Негізі, Ұлттық Банк бекіткендей микрокредит бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшері 56%-дан аспауы керек. Ал заң бұзған микроқаржы ұйымдарының жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 800%-дан асқан.

Осы орайда мамандар азаматтар несие рәсімдеудің алдында қаржы ұйымының лицензиясының бар-жоғына көз жеткізуі керек дейді.
Заңға қайшы әрекет байқалған жағдайда экономикалық тергеу департаментіне жүгінген абзал.

 

Ақтолқын Солтанханқызы