Облыс әкімі жұмыс сапарымен Аққайың ауданына барды. Өңір жетекшісі ең алдымен “Астраханское” серіктестігінің егіс алқабында болды. Аталған аймаққа танымал шаруашылық биыл 3 мың гектардан астам аумаққа дән сіңірген. Жыл сайын мол көлемде өнім алады. Басшысы Ғаббас Жантаевтің сөзінше, биылғы шығымдылық орташа есеппен 25 центнерге жуықтайды екен.
Саланың қарқынды дамуы үшін жасанды интеллектіні қолдану қажет. Заман игілігін “Астраханское” серіктестігі де қолдануда. Шаруашылық “Cropwise Operations” қосымшасы арқылы алқапқа техниканы кіргізбей-ақ қанша центнер өнім алатындарын біле алады. Облыс әкімі серістестік басшысына орақ науқаны жүйелі түрде жүргізілуі керектігін айтты.
ҒАББАС ЖАНТАЕВ, “Астраханское” ЖШС директоры, Аққайың ауданы:
— Ауа райы қолайлы болса, орақ науқанына қыркүйектің 15-і күні кірісуді жоспарлап отырмыз. Алқабымызда дәнді, бұршақты және майлы дақылдар өсіріледі.
Бұл – Смирнов ауылындағы Суворов көшесі. Осы күнге дейін мына жолдың күйі көз шошырлық күйде болды. Биыл облыстық бюджеттен 100 млн теңге бөлініп, адам танымастай өзгерді. Жалпы, аудан орталығында 56 көше бар. Оның 90 пайызының жолы қанағаттанарлық жағдайда.
ЕРДЕН ШОРТЫБАЕВ, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
— Аққайың ауданындағы жол желісінің ұзындығы 627,5 шақырымды құрайды. Биыл оның 20 пайызы орташа жөндеу көрді. Маңызды жұмысқа 2,9 млрд теңге бағытталды. Біз ауылішілік жолдарға баса мән бердік. Іс барысын да жіті бақыладық.
Аққайың ауданындағы жол желісінің 40 пайызы – ауылішілік жолдар. Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында елді мекен тұрғындарының әлеуетін арттыруға баса мән берді. Сондықтан осы бағытта ауқымды жұмыс атқарылуы тиіс. Аудан орталығының тұрғындары жолдың тақтайдай тегіс болғанына дән риза. Бірқатары аймақ басшысына келіп, алғысын білдірді.
Смирново ауылында ауыз толтырып айтатындай істер жетерлік. Елді мекенде әлеуметтік осал топтағы отбасылар үшін 20 баспана салынуда. Маңызды іске республикалық және облыстық бюджеттен 321 млн теңге бөлінген.
ЖАНАР ҚҰСАЙЫН, Аққайың ауданының әкімі:
— Әр баспананың ауданы 100 шаршы метрден тұрады. Ішінде тұрғындар үшін бар жағдай жасалуда. 4 жатын және жуыну бөлмесі, ас үй қарастырылған. Ауласы да кең. Бағбаншылықпен айналысуға болады.
Халық игілігіне арналған әр іс сапалы жасалуы тиіс. Облыс әкімі баспананы тексеру барысында бірқатар олқылық тапты. Жауапты серіктестік басшысына тез арада бәрін қалыпқа келтіруді тапсырды. Құлақ аспаса қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын жеткізді.
Облыстағы жиым-терім жұмыстары ұйымдастырылған түрде өткізілуі керек. Сол мақсатта Ғауез Торсанұлы аққайыңдық диқандармен кездесті. Науқан барысы жайлы білді. Ұсыныстары мен мәселелерін тыңдады. Жалпы, өңірде орақ науқаны 25 пайызға тындырылды. Көрсеткіш көңіл көншітеді. Аймақ басшысы қажырлы еңбек үшін еңбеккерлерге алғысын білдірді.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Жарайсыз! Осы беттен таймаңыздар. Мен сіздерге сенемін. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына зор қолдау көрсетілуде. Қаншама млрд ақша бөлінді. Бұл мүмкіндікті пайдалану қажет. Сіздерге сәттілік тілеймін! Ауа райы қолайлы болса бірде-бір минутты босқа кетірмеңіздер.
Диқандар қара басын ғана ойламай халықтың тұрмысын жақсартулары қажет. Бұл – қазіргі таңдағы ең өзекті мәселелердің бірі. Облыс әкімі кездесуге қатысушыларға елді мекен тұрғындарына ұдайы түрде көмектесуді тапсырды.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Біржан Шаймерденовтен үлгі алуға болады. Ол жыл сайын ауылына 300 млн теңге бөледі. Биыл ғана зәулім спорт кешенін салды. Енді сәулетті Мәдениет үйін ашуды жоспарлап отыр. Ауылдарымыз құрып кетпес үшін сіздер сияқты жандардың көмегі ауадай қажет.
Диқандармен кездесуден соң өңір жетекшісі «Смирновский элеватор» серіктестігінің жұмысымен танысты. Астық кептіру орнына өңіріміздің түкпір-түкпірінен өнім әкелінеді. Мұнда олар кептіріледі, сұрыптаудан өтеді. Ғауез Торсанұлы мамандардың жұмысын жоғары бағалады.
Ауданда спортқа да ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда Смирновода хоккей корты салынып жатыр. Маңызды іске 374 млн теңгеден астам қаржы бағытталды. Жоспар бойынша 2026 жылы қолданысқа берілуі тиіс. Нысан бір мезетте 38 адамды қабылдай алады.
ЖАНАР ҚҰСАЙЫН, Аққайың ауданының әкімі:
— Аудан тұрғындарының 42 пайызы спортпен айналысады. Толағайларымыз да жетерлік. Биылғы өткен спартакиадалардың барлығында жоғары нәтижеге қол жеткіздік. Бұл мемлекеттік қолдаудың арқасында деп білемін.
Білім саласы да назарсыз қалмаған. Қазіргі таңда №3 Смирнов орта мектебі күрделі жөнделіп жатыр. Іске 232 млн теңге бағытталды. Облыс әкімі нысанның тыныс-тіршілігімен танысты. Әр кабинетке бас сұғып, жоғары бағасын берді. Ғимаратты аралау барысында Ғауез Торсанұлы мектеп оқушыларының өнерін тамашалады. Жеткіншектердің өнері аймақ басшысының көңілінен шықты. Жергілікті әкімдік тарапынан балаларға ұдайы қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Алда жылыту маусымы келе жатыр. Өңір жетекшісі ауданның маңызды кезеңге дайындығын бағамдады. Аталған аймақта 76 қазандық бар. Әлеуметтік нысандарға 25 мың тонна көмір қажет. Мұнда бұл мәселе оң жолға қойылған.
ЖАНАР ҚҰСАЙЫН, Аққайың ауданының әкімі:
— Ауданда қазандықтар бойынша мәселе жоқ. Барлығы толығымен дайын. Қажетті қаражат бөлінді. Барлық әлеуметтік нысанға көмір жеткізілді.
Смирновоны жарық және жылумен қамтамасыз етіп отырған қосалқы станция қайта жаңғыртылып жатыр. Іске 1 млрд 224 млн теңге бөлінген. Маңызды жұмыс қазан айында аяқталады.
Нұрасыл Ахмет