Мәдениет

Қазақстан халқы тілдері күніне арналған ашық сабақ

Петропавлда Қазақстан халқы тілдері күніне арналған ашық сабақ ұйымдастырылды. Ана тіліміздің мәртебесін арттырып, қолданыс аясын кеңейту мақсатында ұйымдастырылған шараға 30 адам шақырылды. Олар: этномәди бірлестік өкілдері, ұстаздар және жастар. Барлығы мемлекеттік тілге құрметпен қарайды. Оны сабақ басында өздерін қазақша таныстырғандарынан-ақ аңғаруға болады.

МАРИЯ ТАТАРЕНКО, ашық сабаққа қатысушы:

— Мен СҚО белорусь мәдени орталығының жетекшісі қызметін атқарамын. Ашық сабаққа келдім. Қазақ тілі өте ұнайды. Әрқашан білімімді арттырғым келіп тұрады. Тілді толық білу – менің мақсатым.

Ашық сабақ үйренуге, меңгеруге құштар әр қатысушыға тиімді болуы тиіс. Сол үшін ұйымдастырушылар ерекше дайындалыпты. Олар біліктілік шыңдалатын шара есте қалу үшін түрлі тәсіл қолданбақ.

ЮЛИЯ РОДИОНОВА, ашық сабақ жүргізушісі:

— Бұл сабақ сайыс түрінде өтеді. Қатысушыларға мемлекетке, мемлекеттік тілге байланысты әртүрлі сұрақтар қоямыз. Қазақ халқының салт-дәстүрлеріне қатысты да сауалдар қойылады. Шара соңында шақырылған қонақтардың барлығына сертификат пен тәттілер ұсынылады.

Облысымызда Қазақстан халқы тілдері күніне арналған жиындар мұнымен аяқталмайды. Негізгі шаралар қыркүйектің 5-ші жұлдызында ұйымдастырылмақ.

 

Байболат Құлтанов