Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) отырысында сиыр еті экспортына квота енгізу туралы шешім қабылданды.
Ішкі нарықтағы бағаның өсуін тежеу және халықты ірі қара етімен жеткілікті көлемде қамтамасыз ету мақсатында сиыр етін экспорттауға уақытша шектеу енгізілуде. Сонымен қатар, квота ірі адал өндірушілерге қолданыстағы келісімшарттар бойынша жеткізілімдерді сақтауға және сыртқы сату нарықтарын сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Тиісті бұйрық Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан қабылданады. Сондай-ақ жиында Қазақстаннан автокөлік және теміржол көлігі арқылы бензин, дизель отыны және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін әкетуге тыйым салуды ұзарту туралы шешім қабылданды. Бұл шара ішкі нарықты үздіксіз қамтамасыз етуге бағытталған.