Құқық қорғау органдары

“Ақылды камералар” 77 мыңнан астам ереже бұзушылық тіркеген

Бүгінде өңірімізде ереже бұзушылықты автоматты түрде тіркейтін 67 аппараттық-бағдарламалық кешен бар. Мұндағы басты мақсат – жазалау емес, оқыс оқиғаның алдын алу.

АИДА БИМЕНДИНА, СҚО ПД әкімшілік тәжірибе бөлімінің инспекторы:

Бұл кешендер жол-көлік оқиғалары жиі болатын учаскілерге орнатылған. Олар жылдамдық режимін, жол белгілері мен таңбалардың сақталуын, сондай-ақ, бағдаршамның қызыл түсіне өткен көліктерді анықтайды. Статистикаға сәйкес, бұл құрылғылар орнатылған аймақта қазіргі уақытта бірде-бір оқыс оқиға тіркелмеген.

Кешендер республикалық маңызы бар жолдарда, мектептер мен жаяу жүргінші өткелдерінің маңына орнатылған. Соңғы 8 айда облыс жолдарында 77 мыңнан астам ереже бұзушылық анықталған. Тіркелген фактімен көліктің иесі келіспеуі мүмкін. Ондай жағдайда тікелей полицияға хабарласуға болады.

АИДА БИМЕНДИНА, СҚО ПД әкімшілік тәжірибе бөлімінің инспекторы:

Егер сұрақтарыңыз туындаса, СҚО ПД әкімшілік тәжірибе бөліміне хабарласа аласыздар. Мекенжайымыз – Петропавл қаласы, Володарский көшесі, 18-ші үй. Полиция қызметкерлері толық түсініктеме береді.

Жалпы, жыл басынан бері СҚО-да 360-тан астам жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Салдарынан 28 адам қаза тауып, 500-ге жуығы жарақаттанған. Полиция қызметкерлері тұрғындарға абай болу қажеттігін ескертеді. Жол қателікті кешірмейді.

 

Ақтолқын Солтанханқызы