Жедел жәрдем қызметіне күніне қала бойынша 250-ге жуық шақырту түседі. Оның шамаман 15-і – 1-ші санаттағы қоңырау. Мамандар қоңырау түскен мекенжайға құстай ұшып жетуі тиіс. Оларға көп дегенде 10 минут беріледі. Желдей жүйткіп келе жатқанда жолда кедергі пайда болуы мүмкін. Ол – өзге көліктер. Рөлдегі адам көшені басына көтерген дабылды естімейді, естісе де мән бермейді. Бұл әр секунд саналған сәтте жағдайды ушықтырып жібереді. Салдарынан науқастың өміріне қауіп төнеді.
ЮРИЙ БЕЛОНОГ, облыстық жедел медициналық көмек көрсету орталығының директоры:
— Жыл сайын жедел жәрдем көлігі мен өзге темір тұлпарлардың арасында жол-көлік оқиғасы тіркеліп тұрады. Оқыс оқиға орын алған кезде тағы бір көлікті шақыртуға тура келеді. Мұндай жағдай көбінесе қиылыстарда орын алып жатады. Жүргізушілердің көбі жол бергісі келмейді. Жаяу жүргіншілер де өткізбей жатады. Содан кейін біз тиісті органдарға жүгінеміз.
Бүгінде облыстық жедел медициналық көмек көрсету орталығында 22 арнайы көлік бар. Машиналардың түсі жарқын түске боялған. Бұл темір тұлпар тізгіндегендердің назарын аудару мақсатында жасалған. Бірақ, соның өзінде де көліктің түсін де, дабылын да елемейтін жандар баршылық.
1-ші қыркүйектен бастап полиция, төтенше жағдайлар және жедел жәрдем қызметтерінің көлігін өткізбеген жандар қоғамдық жұмысқа тартылады. Бұрын заң бұзған темір тұлпар тізгіндегендерге 40 АЕК көлемінде айыппұл салынса, енді бұл азаматтар 20 сағат бойы қоғам үшін қызмет етеді. Жазаны сот тағайындайды.
Ақтолқын Солтанханқызы