50 жылға жуық ғұмырын би өнеріне арнаған Ирина Сахарчук Құрметті еңбек демалысына шықты. Қалалық мәдениет үйінде талай жасты өнерге баулып, биік шыңға жеткізген жанға арналған концерт ұйымдастырылды. Шәкірттері ұстазы үйреткен туындыларды орындап, шараның көркін қыздырды. Ирина Львовна – тек қана хореграф емес, шәкірттері үшін 2-ші анасындай болып кеткен жан. Саналы ғұмырын өңірдің мәдениет саласының дамуына арнаған азаматша қай кезде болмасын құрметке лайық. Ол жасы келсе де шаршамай, жұмысына жан-тәнімен беріліп, көпшілікті тәнті етіп жүр.
ИРИНА САХАРЧУК, “Движение” халықтық би ансамблінің көркемдік жетекшісі:
— Балаларды 4-5 жастан бастап дайындаймын. Заманауи хореографияның қыр-сырын үйретемін. Өмірімді би саласына арнағаныма еш өкінбеймін. Талай жанның алғысына бөлендім. Талай шәкірттің талантын аштым. Мен үшін ең бастысы осы болып табылады. Өнерден кеткім келмейді. Бірақ, уақыт өзінікін алады екен. Сағынған кезде ұжымға келіп тұрамын.
Ирина Сахарчуктің арқасында “Движение” би ансамблі “Халықтық” атағын алды. Шетелге шықты, талай байқаулардың жеңімпазы атанды. Тіпті, кезінде Ирина Львовнадан тәлім алған өнерпаздардың балалары келіп бидің қыр-сырын үйренген.
ОЛЬГА ГОЛУБЕВА, “Движение” халықтық би ансамблінің хореграфы:
— 8 жасымнан Ирина Львовнаның қол астында жаттықтым. Ол мені 15 жыл бойы өнерге баулыды. Біршама жетістікке жеттім. Міне, қазір ұлағатты ұстазымның әріптесімін. Онымен бір ұжымда жұмыс істеу мен үшін ғанибет. Әрине, кеткенін қаламаймын. Білікті маманнан әлі үйренерім көп.
Құрметті еңбек демалысына шығарып салу кеші жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Шара барысында өңірге белгілі хореографқа түрлі ұйым өкілдері құшаққа сыймас гүл шоқтары мен медаль табыстады.
Нұрасыл Ахмет