Түрлі қашықтыққа жүгіру, ядро лақтыру, ұзындыққа секіру. Петропавлда жеңіл атлетикадан жасөспірімдер арасындағы облыс чемпионаты басталды. Бәсеке 2 күнге созылады. Кіл мықтылар анықталатын жарыс өңірдің түкпір-түкпірінен келген 40-тан астам жастың басын қосты.
КИРИЛЛ БАБИЧ, жеңіл атлетикадан СҚО аға жаттықтырушысы:
— Қыркүйекте Шымкент қаласында Қазақстан чемпионаты өтеді. Дүбірлі додаға облыстан кіл мықтылар баруы тиіс. Сондықтан да осы жарысты өткізіп отырмыз. Ұл-қыздардың аяқ алысы жаман емес. Жалпы, СҚО – жеңіл атлетикадан ел көлемінде үздіктердің қатарында. Барған бәсекелердің барлығынан жүлдесіз қайтпаймыз.
Қазіргі таңда эстафета жарысы өтуде. Яғни, командалық сайыс. Әр құраманың қатарында 5 қатысушыдан. Бұл бәсекеде айыртаулықтардың мерейі үстем болды. Қызылжар ауданынан келген жастар жеңімпаздарға айтарлықтай қарсылық көрсетті. Соңғы аталған аймақтан келген Никита Костиннің жеңіл атлетикамен айналысып жүргеніне 4 жылға жуықтапты. Ол болашақта Ирина Эктова, Михаил Литвин сияқты биік шыңдарды бағындырғысы келеді.
НИКИТА КОСТИН, жарысқа қатысушы, Қызылжар ауданы:
— 60 метр қашықтыққа жүгіруден 4-ші орынға ие болдым. Жүлдеге сынық сүйем жетпей қалды. Өзімнің қателігім деп есептеймін. Басында сәл кідіріп қалдым. Бірақ, мұнымен тоқтап қалмаймын. Алда жарыс көп қой. Мықтылығымды дәлелдеуге мүмкіндік бар.
Облыс чемпионатына біраз ауданның өкілдері келмепті. Оған себеп – қаржылық қиындықтар. Айта кету керек, жарыс қорытындысы бойынша үздік атанған 5 қыз, 5 ұл бала ел чемпионатында өңір намысын қорғайды.
Нұрасыл Ахмет