Қарт адамдардың көбі өз денсаулығына немқұрайлы қарайды. Бұл туралы №1 қалалық емхананың директоры Николай Новиков аға буын өкілдері бас қосқан жиында айтты. Бүгін қала сыртындағы демалыс орындарының бірінде Қарттар күніне орай семинар ұйымдастырылды. Кездесуге арқау болған тақырып – қарт адамдардың салауаттты өмір салтын ұстануы.
НИКОЛАЙ НОВИКОВ, №1 қалалық емхананың директоры:
— Аға буын өкілдерінің көбі жаяу жүргілері келмейді немесе өте аз жүреді. Үйде отыра бермей, таза ауада демалған жөн. Егер сүйек немесе буын ауруы болса, жаттығу немес массаж жасаған жөн. Ең бастысы, зиянды тағам жемей, майлы асқа әуестенбеу керек. Өзін жайсыз сезінсе, дәрігерге жүгіндегендері абзал. Мәселен, біздің емханада 50 мыңнан астам адам есепте тұрса, соның 20 пайызы – қариялар. Олардың дені қан айналымының дұрыс еместігінен немесе жүрек ауруымен есепте тұр.
Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжин – көпке үлгі болатын жандардың бірі. Талай жыл шәкірт тәрбиелеген ұстаз зейнетке шықса да спортпен шұғылданып, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысады.
ЖАНГЕЛДІ ТӘЖИН, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
— Біздің барлық жағдайымыз ішкен-жеген тамағымызға, қозғалысымызға байланысты. Сондықтан, жұмыс орным алыс болса да сол жерге жаяу барып келуге тырысамын.
Қарттар күніне қарай волонтерлер қайырымдылық шараларын жиілетеді. Жиынға қатысқан қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Дамир Әбдин жыл бойы атқарған игі істерімен бөлісті. Еріктілер биыл 200-ден астам қарияға көмек қолын созған.
ДАМИР ӘБДИН, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:
— Біз ардагерлермен бірлесіп көптеген іс-шара ұйымдастырамыз. Алда келе жатқан Қариялар күніне орай көмекке мұқтаж жандарды аралап, үй шаруасына жәрдемдесеміз, дәрі-дәрмегін апарып береміз. Жаңа ғана ардагерлер кеңесінен көмек қажет жандардың тізімін алдық.
Жалпы, Бүгінде қалалық ардагерлер кеңесіне 27 мыңнан астам адам мүшелік етеді.
Мәдина Қаби