Жаңа оқу жылының алдында қалдағы Жамбыл мен Крылов көшелерінің қиылысына проекциялық жаяу жүргіншілер өткелі орнатылды. Дәлірек айтсақ, бұл құрылғы тұрғындары көп, әлеуметтік нысандарға толы “Жас өркен” ықшам ауданында орналасқан. Сонымен қатар, қалаға келетін көліктердің барлығы аталған ауданды басып өтетіндіктен мұндай жарық беретін қондырғылар көптеп орнатылуы тиіс. Игі іс “Дорсигнал” серіктестігінің арқасында жүзеге асты.
ЮРИЙ ЛАЗАРЕВ, «Дорсигнал» ЖШС директоры:
— Проекциялық жаяу жүргіншілер өткелі “Жас өркен” ықшам ауданының тұрғындары үшін сыйлық болды ойлаймын. Біз сияқты серіктестіктер табыс табуды ғана ойламай, халыққа қолайлы жағдай жасауы тиіс. Алда жоспар көп. Игі істер жасауды дәстүрге айналдырғымыз келеді.
Жаңа өткелдің арнайы жабдығы жол бойына көпшілікке таныс жолақтарды түсіреді. Бұл таңбаны қараңғыда, қолайсыз ауа райында және қар жауғанда айқынырақ етеді. Сонымен қатар, проектор жаяу жүргіншілерді қосымша жарықтандырып, олардың кез келген жағдайда көрінуін жақсартады.
ЖАНАР МЕЙІРМАНОВА, СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының инспекторы:
— Жаңа оқу жылының басында полиция қызметкерлері облыстағы білім беру нысандарының маңындағы көше-жол желісінде тексеріс жүргізді”. Бұл қайғылы оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Бұл сырт көзге қарапайым іс болып көрінуі мүмкін. Бірақ, аталған ауданның тұрғындары үшін қуанышты жаңалық. Өкінішке қарай, жолдағы статистика көңіл қуантпайды. 7 айда облыста 308 түрлі жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның ішінде 85 жағдай жаяу жүргіншілерді қағумен байланысты. Салдарынан 6 адам қаза тауып, 83 адам жарақат алған.
Нұрасыл Ахмет