Қазақстанда кәсіпкерлік саласы жылдан-жылға түрлене түсуде. Бұған мемлекеттік қолдау, тың жобалалар мен әлемдегі өзгерістер әсер етіп отырғаны айдан анық. Алға жылжу бар. Дегенмен, кемшіліктер де анықталуда. Соның кейбіріне Петропавлға Астанадан арнайы келген Орталық Азия Франчайзинг қауымдастығы төрағасының орынбасары Сейсенғали Қалиақпаров тоқталды.
СЕЙСЕНҒАЛИ ҚАЛИАҚПАРОВ, Орталық Азия Франчайзинг қауымдастығы төрағасының орынбасары:
— Қазақстанда 2002 жылдан бастап 800-ден астам франшиза жұмыс істейді. Кіріс көлемі 2-3 млрд долларды құрайды. Қомақты ақша. Дегенмен, бізде әлі күнге дейін франчайзинг бойынша мемлекеттік реттеу, мемлекеттік реестр жоқ. Осыған байланысты бұл саладағы іскер жанға ешкім лицензия бермейді. Өзекті мәселені шешу үшін қалаларды аралап жүрміз. Мақсатымыз – халықты ақпараттандыру, заңнамаға өзгеріс енгізу.
Қауымдастық төрағасы орынбасарының мәселе көтеретіндей жөні бар. Әлемнің Ресей, Қытай, Түркия сияқты дамыған елдерінде бұл іске баяғыда көңіл бөлініпті. Қазір соның жемісін көріп отыр. Ал біз «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген ұстанымға әлі де кереғармыз.
СЕЙСЕНҒАЛИ ҚАЛИАҚПАРОВ, Орталық Азия Франчайзинг қауымдастығы төрағасының орынбасары:
— Мысал ретінде Ресейдегі жағдайды айтайын. Көршілеріміз франшиза рәсімдеуге, осы бағыттағы шараларға қатысуға және білім алуға грант бөлген. Осының арқасында олар франчайзингті дамыту бойынша үздік 5 елдің қатарына кірді. Қытай мен Түркия да оң жолда. Ал қазақстандық кәсіпкерлер франшиза алып, өзге елге шыққысы келсе, біздің мемлекет тарапынан да, өзге елдің тарапынан да қолдау көрмейді. Осыны реттеу керек.
Қазақстанда франшиза ретінде ұсынатын дүние жетерлік. Алысқай бармай өзіміздің ұлттық брендтерімізді алып, табыс табуға болады. Кәсіпкерлер паласында өткен кездесуде петропавлдық іскер жандарға пайдалы кеңестер айтылды. Көкейде жүрген өзге де мәселелер көтерілді.
МӘДИНА ҚАБАЕВА, жеке кәсіпкер:
— Мен адамдарға космитологиялық қызмет көрсетемін, өзімнің СПА бөлмем де бар. Әзірге петропавлдықтарды және қала қонақтарын қабылдаудамын. Мақсатым – Астанада орталық ашу. Сол үшін тәжірибелі мамандардың ойын білгім келеді, кеңес алсам деймін. Франшиза – назар аударатын бағыт. Бұны енді түсініп жатырмыз.
Кәсіпкерлерге құлаққағыс! Елімізде “KazBrand” байқауы өтеді. Оған қатысу үшін қыркүйектің 13-ші жұлдызына дейін тіркелу қажет. Конкурс жеңімпаздары құны 7 млн теңгеден басталатын дайын франшизаға қол жеткізеді және жыл көлемінде сарапшылардың ақпараттық қолдауына ие болады.
Байболат Құлтанов