Қыркүйектің 5-ші жұлдызы – Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Дәл осы датада 2018 жылдан бастап Қазақстан халқы тілдері күні атап өтіледі. Мереке қарсаңында қаламыздағы “Sana” әдеби-музыкалық клубы ақпараттық-танымдық кездесу өткізді. Шараға айтары мол зиялы қауым өкілдері мен Мағжан сенген жастар қатысты.
АЛТЫНАЙ СЫЗДЫҚОВА, И. Шухов атындағы орталық қалалық кітапхананың қызметкері:
— Іс-шараның мақсаты – қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру.
Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін өткен мен бүгінгіні ұштастыру қажет. Кезінде кемеңгерлер тар жол, тайғақ кешсе де тіл үшін күресті. Солар – бүгінгі қоғам өкілдеріне, қазақ жастарына қуат беруші. Бұл мәселеге профессор Жанар Таласпаева арнайы тоқталып, баяндама әзірлепті.
ЖАНАР ТАЛАСПАЕВА, М. Қозыбаев атындағы СҚУ филология ғылымдарының кандидаты, профессор:
— Осыдан 120 жыл бұрын Алаш арыстары қазақ тілі үшін күресті бастады. Олар тілді ресми еткісі, қолданыс аясын кеңейткісі келді. Бұл жұмысты әлі де жалғастыру қажет. Өзекті мәселелер бар. Бұны көріп жүрміз, естіп жүрміз.
Ахмет Байтұрсынұлын Алаш арысы, ұлт ұстазы ретінде бағалаймыз, құрмет тұтамыз. Оның тіл туралы айтқан толғамды ойлары әлі күнге дейін өзекті.
ЖАНАР ТАЛАСПАЕВА, М. Қозыбаев атындағы СҚУ филология ғылымдарының кандидаты, профессор:
— Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ әліппесінің атасы. Ол “Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады” деді. Ол кеңсе тілін, баспасөз тілін қазақша еткісі келді.
“Тіл – халықтың жаны, рухани қазынасы” атты ақпараттық-танымдық кездесу барысында “Sana” әдеби-музыкалық клубының жұмысы қорытындыланып, мүшелерінің жеткен жетістіктері сөз болды.
Байболат Құлтанов