Қоғам

Сұмдық жол апаты және науқастардың қазіргі жағдайы

Қызылжар ауданында бас шайқатарлық жол-көлік оқиғасы тіркелді! Күздің алғашқы күні түскі 1 жарымдар шамасында Краснознаменное ауылының маңында Chevrolet, Mazda және Lexus маркалы темір тұлпарлар соқтығысты. Салдарынан 2 адам қаза тауып, 5 адам түрлі деңгейде жарақат алды. Әлеуметтік желіде оқиға орнында түсірілген видео тарады. Бұзылған көліктер жан-жақта тұр. Осыған қарағанда жылдамдық аса жоғары және соққы қатты болғанға ұқсайды.

ГҮЛНӘР САЙЛАУ, СҚО денсаулық сақтау бармасының баспасөз хатшысы:

— 1 науқас Мамлют аудандық ауруханасына жатқызылды. Жағдайы орташа деп бағаланып отыр. Бүгін ол Петропавлдағы көпбейінді қалалық ауруханаға жеткізіледі. Ал өзге 4 адам осы жерде ем қабылдауда. 2 адамның жағдайы өте ауыр. Олар жансақтау бөлімшесінде жатыр.

Жаға ұстатарлық жағдайға қатысты полиция департаментінің де баспасөз қызметі мәлімдеме жасады. Жазбаша ақпарда тиісті тексерулердің басталғаны жайлы айтылады.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Оның нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады. Полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, қауіпсіз жылдамдықпен жүруге, рөлде барынша ұқыпты және қауіпті маневр жасаудан аулақ болуға шақырады.

 

Байболат Құлтанов