Қоғам

Сергей Худяков: “9 қабатты үйлерде 5 қабаттыларға қарағанда жылу аз тұтынылады”))

Петропавлда 1200-ден астам көппәтерлі үй бар. Қазір баспаналарда жылыту маусымына дайындық жүріп жатыр. Яғни, нысандағы жылыту жүйесі жуылып-шайылып, бүтіндігі қысыммен тексеріледі. Қалалық ПИК қауымдастығының төрағасы Сергей Худяковтың сөзінше, 9 қабатты үйлерде 5 қабаттыларға қарағанда жылу азырақ пайдаланылады екен. Тиісінше, төлем көлемінде де айырмашылық бар.

СЕРГЕЙ ХУДЯКОВ, қалалық ПИК қауымдастығының төрағасы:

— Бұған біз жауап бермейміз. Оған үйлердің жылуын қадағалайтын төраға немесе тұрғындардың өздері жауап береді. Мәселе үйдің сапасына да байланысты. Нысан ескі болса, жылуды көп ұстамайды. Ескі үйлердің көбі – бес қабаттылар. Жаңа үйлерде жылудың қарқынын жылу батареясындағы құрал арқылы реттеуге болады.

“Қыста сан соқпау үшін әзірлікті күз келмей аяқтау керек”! Бұл – шаһардағы қос көпқабатты үйге жауапты мүлік иелері бірлестігінің төрағасы Василий Ротарьдың жылдағы ұстанымы. Ол Болатбаев көшесіндегі 32-ші және Жуков көшесі бойындағы 23-ші баспанаға жауапты. Бүгінде 2 нысанның да дайындық құжатын алған. Азамат ғимараттардың жай-күйіне көктем келе назар аударады екен.

ВАСИЛИЙ РОТАРЬ, мүлік иелері бірлестігінің төрағасы:

— Жылыту маусымына дайындық бойынша мәселе жоқ. Ешқашан болған да емес. Тиісті істі тындырып, құжаттарды алдық. Қысқа дайынбыз. Тек қыркүйектің 22-сі күні дезинфекция жүргіземіз. Мұндай шаруа жылына 2 мәрте қолға алынады. Бүгінде подъездер де жөнделіп жатыр. 2 үй де 1994 жылы тапсырылған. Таза ұстауға тырысамыз. Жылу беруге келсек, мен қыста бұл жайтты назарда ұстаймын. Тұрғындар тарапынан жылуды көбейту немесе азайту жайлы ұсыныс түссе, бірден сұрағандарын орындаймын.

Көзді ашып-жұмғанша жаз аяқталып, күз келді. Қыстың да ауылы алыс емес. Солтүстіктің құбылмалы ауа райын ескерсек, келесі айда да қар қылаулауы мүмкін. Жайлылық іздеген инеліктің күйін кешпес үшін әр петропавлдық әзірлікке жауапкершілікпен қарау керек.

 

Мәдина Қаби