НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ: тілші:
— Бүгін “Береке” ықшам ауданында ақ түйенің қарны жарылған күн. Елді мекенде су жаңа мектеп қолданысқа берілді. Енді мұнда 700-ден астам бала оқитын болады. Қазір сіздермен бірге сәулетті нысанның тыныс-тіршілігімен танысатын боламыз.
Жаңа оқу жылы – су жаңа мектеп. Салтанатты шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Өңір жетекшісі балаларды Білім күнімен құттықтады. Жергілікті әкімдік тарапынан өскелең ұрпаққа әрдайым зор қолдау көрсетілетінін жеткізді.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— “Береке” ықшам ауданы жыл сайын қарқынды дамып келеді. Жаңа емхана, балабақша мен мектептер салынды. Мына тұрған жеткіншектердің барлығы – елдің болашағы. Олар заманауи, іші кең, бар жағдай жасалған білім ұясында оқуы тиіс. Осының арқасында еліміз де қарыштап дамиды. Сондықтан, жергілікті әкімдік пен ұстаздар бірігіп жарқын болашаққа жол ашайық.
Шаттыққа толы шара барысында шапалақ жиі соғылды. Ата-аналардың қуанышы қойынға сыймай жүр. Олар алғыс сөздерін жаңбырша жаудырды.
ҚАМАР НАҒМАНҚЫЗЫ, қала тұрғыны:
— Екі балам да осы мектеп оқиды. Бұрын жеткіншектерімді үйден алшақ білім ұясына апаратынмын. Мына оқу орны үйдің дәл жанында, керемет болды.
Қыздардың басында ақ бантик, ұлдар мойындарына галстук байлаған. Үстерінде – дәстүрлі жаңа мектеп формасы. Бәрінің мақсаты – озат оқушы атану. Әрқайсысының қобалжып тұрғаны көрініп тұр. 85 балғын білім ұясының табалдырығын алғаш рет аттады. Шараға қатысушы білім саласының ардагерлері кішкентай ұл-қыздарға ақылын айтып, батасын берді. Ашылу салтанаты жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Жеткіншектердің айтқан өлең-тақпақтары шараның көркін қыздырды.
Заманауи нысанның іші кез келген жанды таңдай қақтырады. Жарық, кең әрі еңселі сыныптар, соңғы үлгідегі құрал-жабдық пен жиһаз. Облыс әкімі білім ұясын толық аралап шықты. Әр аялдаған жерінде өзінің оң бағасын берді. Ұстаздарға сәттілік тіледі. Өз кезегінде мұғалімдер жаңа білім ошағында қолға алынайын деп жатқан тың жобалармен бөлісті.
Мектеп базасы балаларға қажетті барлық құралмен жабдықталған. Нысанда 30-дан астам оқыту бөлмесі, екі спорт зал, компьютер кабинеттері, мәжіліс залы мен кітапхана және асхана бар. Медициналық қосын да қарастырылған.
Мына бір робототехника кабинетінде құлтемір ғана құрастырылып қоймай, асық ату, арқан тартыс сияқты ойындар ойналды. Яғни, оқушыларға ұлттық спорт заманауи түрде насихатталады. Бұл – ұлттық құндылықтарымызды дәріптеудің бірден-бір тәсілі.
Аймақ басшысы нысанды аралағаннан кейін білім саласының ардагерлері мен өкілдеріне арналған жиын өткізді. Отырыста саланың өткені мен бүгіні сөз болды. Арнамыздың түсірілім тобы кабинеттерді аралау барысында білім ұясын табалдырығын алғаш аттаған оқушылардың алғашқы сынып сағатына қатысты. Немересін жетектеп мектепке әкелген Майра Әбілмәжінованың қуанышында шек жоқ. Ақжаулықты ана барша бүлдіршінге өзінің ізгі тілегін тіледі.
МАЙРА ӘБІЛМӘЖІНОВА, қала тұрғыны:
— Немеремнің су жаңа мектепте білім алатынына қуаныштымын. Маған бәрі қатты ұнады. Мектеп табалдырығын аттаған барша бүлдіршінге сәттілік тілеймін!
Оқу жылы басталды. Мұғалімдер сақадай сай, дайындықтарын пысықтап, оқушыларын құшақ жая қарсы алды. Өмірдің жаңа парағын ашқан шәкірттер мектепте оқитындарына дән риза.
АЙЫМ ТЕМІРХАН, қалалық №29 жалпы білім беретін мектептің 1-ші сынып оқушысы:
— Мен мектепке дайынмын. Жаз бойы дайындалдым. Кітап оқыдым. Бүгін сыныптастарыммен танысып, дос болдым. Сабағымды жақсы оқуға уәде беремін.
Әрине, жарқын болашақ – білімді жастардың қолында. Мемлекет басшысы өскелең ұрпақтың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына баса мән беруде. Сондықтан да “Келешек мектептері” ұлттық жобасын іске қосты.
АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, СҚО білім басқармасының басшысы:
— Құрылыс жұмыстарына 5 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Білім ұясында оқушыларды сапалы біліммен қамту үшін қажет дүниенің бәрі бар. Қазіргі таңда солтүстікқазақстандық оқушылардың саны 74 мыңға жуықтайды. Оның 6 жарым мыңы 1-ші сыныпқа барды.
Жоғарыда айтылған қаражат сыртқа заңсыз шығарылып, мемлекет меншігіне қайтарылған активтер есебінен бөлінген. Құрылыс жұмыстарымен көпшілікке таныс “Единство” серіктестігі айналысты. Барлық заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған мектепте балалардың жаңа қырлары ашылатыны сөзсіз. Мұнда бүгіннен бастап оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға арналған түрлі үйірме жұмыс істейді.
СӘУЛЕ ТҰРСЫНОВА, қалалық №29 жалпы білім беретін мектептің директоры:
— Мектепте 60-тан астам мұғалім жұмыс істейді. Әрбіреуі -іріктеуімізден өткен білікті мамандар. Құрылыс жұмыстары 2024 жылы басталды.
Сонымен қатар, білім ұясындағы даярлық сыныбында 50-ге жуық оқушы тәрбиеленеді.
Нұрасыл Ахмет