Солтүстік Қазақстан облысында орақ науқаны жалғасып жатыр. Күзгі дала жұмыстарына 7 мың комбайн, 12 мыңнан астам трактор және 5600 жүк көлігі қатысуда. Диқандардың қарқыны жаман емес. Олар қолайлы ауа райында күн-түн демей еңбек етуде. Әзірге аудандарға қатысты жеке дерек жоқ. Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының өкілдері жалпы ақпармен бөлісті.
— Жедел деректерге сәйкес, 2025 жылғы 02 қыркүйектегі жағдай бойынша 674,5 мың гектардағы дәнді және бұршақты дақылдар жиналды. Бастырылған немесе қоймаға жеткізілген астықтың көлемі 993,3 мың тоннаға жуықтайды.
Өкінішке қарай, солтүстікқазақстандық диқандарға ауа райы қолбайлау болғалы тұр. Синоптиктер ұсынған дерекке сүйенсек, ертеңнен бастап өңір аумағынан циклон өтеді. Соның әсерінен арагідік жаңбыр күтіледі. Мұндай ауа қысымының төмендеуі аптаның соңына дейін сақталады.