Петропавлда әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Бұған дейінгі кездесулер бір төбе болса, бұл жолғы кездесу бір төбе. Жауапқа өңірге белгілі және беделді Наталья Дышкант тартылды. Қаржы басқармасының басшысы өзінің қызметтік лауазымын асыра пайдаланған. Бұл іске тағы бір басқарманың тізгінін ұстаған жанның қатысы бар. Оқиғаның жай-жапсары жайлы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің бас маманы Диана Салғарина баян етті.
ДИАНА САЛҒАРИНА, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің бас маманы:
— Биыл 28-ші наурыз күні облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өткізген тексеріс жұмыстары барысында қаржы және жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларының басшылары Наталья Дышкант пен Ерден Шортыбаевтың телефон арқылы сөйлескен әңгімелерін тыңдаған. Тілдесу барысында алғаш аталған лауазымды тұлға өзі тұрып жатқан саяжайдағы шұңқырларға қиыршық тас төгіп беруін сұрапты. Ерден Ерболатұлы әріптесінің өтінішін жерде қалдырмаған. Қаладағы серіктестіктердің біріне жұмысты сапалы атқаруды тапсырған екен.
Жиын барысында сөз алған Наталья Дышкант бірнеше сылтауын айтып ақталды. Оқиғаға қатысы бар 2-ші басқарманың басшысы отырыста төбе көрсетпеді.
НАТАЛЬЯ ДЫШКАНТ, СҚО қаржы басқармасының басшысы:
— Ерден Ерболатұлына дос ретінде өтініш жасадым. Істің бұлай ушығып кететінін білген жоқпын. Бұл жалғыз менің ғана мәселем емес. Саяжайда тұрып жатқан басқа да тұрғындар шұңқырлардан зардап шегіп жүр. Одан қалды, біз серіктестікке жұмысы үшін ақысын төледік.
Оқиғаны бүге-шүгесіне дейін естіген әдеп жөніндегі кеңес мүшелері мінберге шыққан Қаржы басқармасының басшысына сұрақтарын қарша боратты. Өз кезегінде Наталья Дышкант кінәсін толығымен мойындады.
ЕВГЕНИЙ КИНЦЕЛЬ, облыстық әдеп жөніндегі кеңес мүшесі:
— Сіз бұл мәселе бойынша әріптесіңізге емес, қалалық әкімдікке жүгіну керек едіңіз. Мен бұл оқиғаны жемқорлық әрекет деп бағалаймын. Жауапты органдардан тиісті шара қолдануын сұраймын.
Білдей бір басқармаларды басқаратын басшылар бұған дейін теріс қылыққа бой алдырмапты. Кеңес мүшелері көбі осыны алға тартып шешім шығарды. Жақын арада екеуіне ескерту түрінде жаза қолдану жөнінде облыс әкіміне хат жолданады. Бірақ, бұнымен кейбірі келіспеді. Олар Ерден Шортыбаевтың қызметінен кеткенін қалайды.
Нұрасыл Ахмет