ҚоғамМәдениет

Петропавлда мерекеге орай ұлттық киімдер дүкені ашылды

Қызылжар төрінде қазақы үлгіде тігілген киімдер дүкені ашылды. Сән үйі “Tarbiya Ulttyq kiim” деп аталады. Салтанатты шара жоғары деңгейде өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген дәстүрлі әншілер басқосудың көркін қыздырды. Ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов қатысты. Шараның ерекше есте қалған сәті – көрсетілім. Бірінен соң бірі шыққан арулар мен жігіттер сән дүкенінің көйлектері мен шапандарын жұртшылыққа паш етті.

Конституция күнімен тұспа-тұс келіп тұрған ашылуда түрлі ұтыс ойындары да ойнатылды. Бағы жанған жандарға құны 150 мыңнан асатын шапандар мен орамалдар табысталды

Этно мен заманауи үлгі ұштасқан дүкеннің иесі – Тарбия Айдымбаева. 30 жылға жуық тәжірибесі бар шебердің сөзінше, бүгінде талғамы жоғары тұтынушылар оюмен өрнектелген шапан, тақия, орамалдарды күнделікті өмірде киім жүруді қалайды. Осы сияқты сән үйлері бабалар мұрасын өскелең ұрпаққа жеткізудің, әлемге танытудың таптырмас құралы, тиімді тәсілі де саналады.

ТАРБИЯ АЙДЫМБАЕВА, “Tarbiya Ulttyq kiim” сән үйі орталығының басшысы:

— Қазақстанның 8 қаласында дүкеніміз бар. Бізде 100-ден астам киім үлгісі сатылады. Бағалары қолжетімді.

Шебер бүгінгі таңда ұлттық киімдерімізді шет мемлекеттерге де саудалап отыр. Жиналған қауым Қызылжарда сұранысқа ие сән үйінің ашылғанына қуанышты. Міне, көптен күткен сәт те келіп жетті. Облысқа танымал адамдар ұлттық киім дүкенінің таспасын қиды.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде орналасқан сән үйінің таспасы қиылған соң жиналған жұртшылық ішке кірді. Әрбір киім көздің жауын алады. Барлығы сапалы матадан тігілген.

 

Нұрасыл Ахмет