Денсаулық сақтау

Облыс тұрғындарына жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетілуде

Облыс тұрғындарына жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетілуде. Жыл басынан бері мұндай жәрдем 31 рет көрсетілген. Оның жалпы соммасы 200 млн теңгеге жуықтайды. Жекелей тоқталсақ, 19 операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жасалыпты. Ал 12 ота тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жасалған.

ТАЛҒАТБЕК ТІЛЕУБЕРДИН, “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕАҚ СҚОФ директорының орынбасары:

— Кеуде қолқасына протезді эндоваскулярлық имплантациялаудың құны 4 млн теңгеден асады. Науқас жинаған 51 мың теңгені немесе одан да көп қаражаты қорға аударса, сақтандырылған статусының арқасында қымбат отаға қол жеткізе алады. Айта кетейік, көпбейінді облыстық аурухананың кардиологиялық орталығында ота құны 650 мың теңгеден басталады.

2025 жылдың 6 айы ішінде өңірде 2 медициналық ұйым жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсеткен. Соның бірі – көпсалалы облыстық аурухана. Екінші мекеме – көпсалалы қалалық аурухана. Мұнда құны 2 млн 130 мың теңгені құрайтын тізе буынын ауыстыру бойынша ота жасалған.