Спорт

Новоникольское ауылында спорт алаңдары тапсырылды

Қызылжар ауданындағы Новоникольское ауылында спорт алаңдары тапсырылды. Үлкен теннис, футбол, волейбол және баскетбол алаңдарын “Иван Зенченко” серіктестігінің директоры Иван Зенченко тұрғызды. Ашылу салтанатына аудандық мәслихаттың хатшысы Жанат Елеусізов қатысты. Ол арнайы әкелген тартуды табыстап, Бейбіт Исмановтың құттықтау хатын оқып берді.

ЖАНАТ ЕЛЕУСІЗОВ, Қызылжар аудандық мәслихатының хатшысы:

— Құрметті жерлестер сіздерді Ата заңымыздың 30 жылдығы мерейтойымен құттықтаймын.

Волейбол мен баскетбол алаңдары бір жерде орналасқан. Сапа бірден көзге түседі. Арнайы жамылғыда ойыншылар емін-еркін қозғалады. Иван Зенченко спорттық алаңдарды Ата заңымыздың 30 жылдығына орай ашып отыр. Халық игілігіне тапсырған кезекті нысандардың құрылыс жұмысына 32 миллион теңге жұмсапты.

ИВАН ЗЕНЧЕНКО, “Иван Зенченко” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

— Ауылымызда халыққа пайдасы тиетін нысандардың ашылғанына барлығымыз қуанып жатырмыз. Алаңдардың сапасына кепілдік береміз. Олар ұзақ тұрады. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін алаңдарды мектеп жанында тұрғыздық. Бұл жерге ауылымыздың үлкендері де келе алады.

Ауылдарда талантты жастар көп. “Бұлақ көрсең көзін аш” дегендей, оларға жағдай жасалса, биік белестерді бағындырады. “Генадий Зенченко атындағы орта мектептің” 11-ші сынып оқушысы Анастасия Пичугина 3 жылдан аса волейболмен айналысады. Енді ол күнде достарымен осы жерден табылмақ. Шеберлік шыңдайды, жарыстарға дайындалады.

АНАСТАСИЯ ПИЧУГИНА, Г.И. Зенченко атындағы орта мектептің” 11-ші сынып оқушысы, Қызылжар ауданы:

— Алаң өте үлкен. Барлық жағдай жасалған. Осыған дейін спорт кешенінде ойнаған едік. Енді жастармен осы жерде жиналып, таза ауада волейбол ойнаймыз. 2-3 команда жиналады. Әзірге ауа-райы тамаша. Далада ойнауға мүмкіндік бар. Жобаны жүзеге асырған жандарға алғыс айтамын.

Ашылу салтанатына ауылдықтар жиылды. Олар елді мекенде жыл сайын жаңа бастамалар қолға алынып жатқанына дән риза.

ЖАДЫРА ХАМЗИНА, Новоникольское ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

— Менің немерелерім осы мектепте оқиды. Үлкен немерем оқуды аяқтаған. Балаларым енді осы жерге келіп, спортпен айналысатын болады.

Қалың жұрт үшін Конституцияның 30 жылдығына орай концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Мерекелік шара мәдениет үйінде өтті. Тұрғындар жергілікті әнші-бишілердің өнерін тамашалады. Ду-қол қошемет жиі соғылды.

 

Мәдина Қаби