Аптадағы маңызды жаңалықтарҚұқық қорғау органдары

Конституция күні қарсаңында полицейлер марапатталды

Петропавлда Конституцияның 30 жылдығына орай тәртіп сақшылары құрметке бөленді. Салтанатты шарада құқық қорғау саласының дамуына сүбелі үлес қосып, ілкімді істерімен көзге түскен шенділер марапатталды. Басқосу шымылдығын облыстық ПД бастығы Айдын Қабдұлдинов ашып, Ата заңның маңыздылығына тоқталды.

АЙДЫН ҚАБДҰЛДИНОВ, СҚО ПД бастығы:

— Конституция – мемлекетіміздің құқықтық және демократиялық дамуының маңызды белесі. Әрбір азамат үшін айрықша тарихи кезең. Еліміздің басты құжаты – бәрімізге берік қалқан.

Салтанатты жиында осыдан 1 жарым ай бұрын суға батып бара жатқан 2 адамды құтқарып қалған Ерлан Қазиев марапатталды. Бүгінгі күннің батырына ҚР Ішкі істер министрлігі атынан “Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін” медалі табысталды. Бұл ерлік жайлы қарапайым азамат ешкімге айтпаған. Оның батыл әрекетін тұрғындар өзара таңдана және марқая айтыпты.

ЕРЛАН ҚАЗИЕВ, СҚО ПД арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының аға инспекторы:

— Оқиға орын алған кезде еңбек демалысында болдым. Қызыммен Новоишимское ауылындағы жағажайда жүргем едім. Көмек сұрап жатқан адам дауысын естіп, бірден суға секірдім. Ең алдымен мектеп жасындағы баланы алып шықтым. Кейін орта жастағы ер адамның жағаға шығуына көмектестім. Бұл менің жұмысым емес, азаматтық борышым деп есептеймін.

Басқосуда ерлік жасаған полицейдің ата-анасы да қошеметпен ортаға шақырылып, марапатқа ие болды. Тәртіп сақшылары қай кезде болмасын құрметке лайық. Олар күні-түні халықтың тыныштығын күзетеді. Салтанатты жиында нәзікжандылар да марапат алды. Соның бірі – Гүлмира Бимолдаева. Үй шаруасы мен жұмысты қатар алып жүрген азаматша полицияда жұмыс істегеніне өкінбейді. Ол облыстық полиция департаментінің грамотасына ие болды.

ГҮЛМИРА БИМОЛДАЕВА, СҚО ПД 2-ші арнайы бөлімінің инспекторы:

— Полицияда еңбек етіп жүргеніме 8 жыл болды. Кішкентай кезімнен адамдарға көмектескенді ұнатамын. Сондықтан осы қызметке келдім.

Салтанатты жиында 30-ға жуық адам марапатталды. Кеш концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

 

Нұрасыл Ахмет