Қазақстанда Қорғаныс министрлігінің әскери жоғары оқу орындары мен колледждеріне қабылдау аяқталды. Іріктеу дене шынықтыру даярлығы мен жалпы білім беру пәндері бойынша өтті. Нәтижесінде сынақтан сүрінбеген 1700-ден астам отандасымыз курсант және студент атанды. Сағадат Нұрмағамбетов атындағы “Құрлық әскерлерінің әскери институтына” түсуге 600-ге жуық жас ниет еткен. Оның 350-і оқуға қабылданды. Ал Алматыдағы “Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтына” 200-ден астам талапкер түскен. “Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің әскери институтына” тепсе темір үзетін 260 жігіт қабылданыпты. Сонымен қатар, Отан алдындағы борышын өтеп жүрген 128 жауынгер еліміздегі жоғары оқу орындарында білім алатын болады. Енді айы оңынан туғандар полигондарда шеберлік шыңдап, 40 күннен кейін ант қабылдайды.