Ата заңымыздың 30 жылдығына орай Иван Шухов атындағы орталық қалалық кітапханада викторина ұйымдастырылды. Бұл жолғы білгірлер сайысының өзіндік ерекшелігі бар. Ол әлеуметтік желіде онлайн форматта өтті. Азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған сұрақ-жауап қатысушылары кітапхана парақшасындағы тікелей эфирге қосылып, өздерінің білімін тексерді.
Викторина сұрақтары аса күрделі емес. Қатысушыларға “ҚР Конституциясы қашан қабылданды?”, “Ата заңымыз неше бөлімнен, қанша баптан тұрады?” деген сынды 15 сауал қойылды.
ДИАНА ШЕРБАЙ, И.Шухов атындағы орталық қалалық кітапхана оқырман залының кітапханашысы:
— Ата заңымыздың 30 жылдығына орай танымдық іс-шаралар ұйымдастырылды. Алдағы сенбі күні тағы біреуі өтеді. Орталық алаңда балалар мен жасөспірімдер үстел ойындары бойынша бақ сынайды.
Викторина сұрақтарына дұрыс жауап бергендерге кітапхана қызметкерлері сыйлықтар дайындап қойған. Жауапты дәл тапқандар тартуды кез-келген күні алып кете алады. Жалпы, бүгінгі күні И. Шухов атындағы орталық қалалық кітапхананың 10 мыңнан аса тұрақты оқырманы бар. Ал кітап қоры 146 мыңды құрайды.
Ақтолқын Солтанханқызы