Қызылжар ауданындағы егіс алқаптарына көз тоймайды. Биыл жері құнарлы, диқандары еңбекқор ауданда егін бітік шықты. Ендігі міндеті – астықты шашау шығармай жинап, қамбаға жеткізу.
Қызылжарлық диқандар жауапкершілікті түсінеді. Қазір олар күн-түн демей тер төгіп, күзгі дала жұмыстарын жүргізуде. CLAAS комбайндары жүйткіген Чапаево ауылы маңындағы мына алқап “Сервис-Жарс” серіктестігіне тиесілі. Аталған агроқұрылым биыл бидай, арпа, жасымық, күнбағыс, рапс және жүгері сынды өнім түрлерін өсірген.
РАВИЛЬ СУЛТАНОВ, “Сервис-Жарс” ЖШС аға агрономы, Қызылжар ауданы:
— Біз орақ науқанына тамыздың 18-і күні кірістік. Алдымен жасымықты жинауды жөн көрдік. Шығымдылыққа көңіл толады. Әр гектардан 18 центнерден өнім алдық. Қазір комбайдарымыз ауданы 197 гектарды құрайтын танаптан сүрлемге арналған жүгеріні жинап жатыр. Берекелі маусым дегім келеді. Мұндағы көрсеткіш 350 центнерді құрайды.
Биыл жалпақ жұртты қуантқан былтырғыдан да көп астық жиналады. Ағымдағы жылы “Сервис-Жарс” серіктестігі алқаптарды өңдеу жұмыстарына басым беріпті. Әрі ылғал да жеткілікті. Қайта-қайта жауған жаңбыр өнімнің көтерілуіне, қалыптасуына оң әсерін тигізді.
АБЗАЛ ҮКІБАСОВ, “Сервис-Жарс” ЖШС жүргізушісі, Қызылжар ауданы:
— Көлігіме 20 тонна сүрлемге арналған жүгері сияды. Күніне діттеген жерге 11-12 рет барып, жиналған өнімді жеткіземін. Жұмысым қиын емес. Өзім 20 жылдан бері жүргізушімен. Жанталасып жатқан жайымыз бар. Жаңбыр жаумай тұрса екен дейміз.
Қазір теріскейлік агроқұрылымдарда тегеурінді техника бар. Соның көмегімен мамандар тізе бүкпей тер төгуде. Ауыл шаруашылы және жер қатынастары ұсынған соңғы дерекке сүйенсек, аймақта 2 мың гектардағы өнім жиналған. Қорытындылайық кетейік, әр жыл сайын даласында сары алтын тербелетін аққайыңдар өлкесінде биыл 4 млн гектарда астық өсірілді. Оның 3 млн гектары дәнді және дәндібұршақты дақылдарға тиесілі. Жиналған өнімді қабылдауға облыстағы элеваторлар сақадай сай.
Ақтолқын Солтанханқызы