Білім

Қозыбаев университетінде студенттер жаңа жатақханаға орналасуда

Студенттік өмір студенттік үйдегі қызықтармен есте қалады. Бұл – оқу орнына түсіп, үлкен өмірге қадам басқан ұл-қыздардың ендігі тұрағы.
Қазір Қозыбаев университетінде жалынды жастар жаңа жатақханаға орналасуда. Сәулетті қос нысан 1200 орынға шақталған.

ӘДІЛХАН ТӨЛЕПБЕРГЕН, М. Қозыбаев атындағы СҚУ басқарма мүшесі:

— Жатақханаларымыз 2700-ден астам студентті қабылдай алады. 2 күннің ішінде 500-ге жуық адам орналасты. 1-2 курс студенттері 25 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында қабылданады.

Жатақханаға орналастыру онлайн түрде жүргізілді. Студенттер үйде отырып-ақ бөлмені таңдапты. Бұл шалғайда тұратын ұл-қыздар үшін тиімді болғаны сөзсіз. Төлем жайлы да айтайық. Жатақханалардағы баға бірдей емес.

ӘДІЛХАН ТӨЛЕПБЕРГЕН, М. Қозыбаев атындағы СҚУ басқарма мүшесі:

— Жаңа жатақхананың жылдық бағасы – 250 мың теңге. 3-4 курс студенттерін 3-ші жатақхана мен 10 корпусқа орналастырамыз.

Аружан Қыдырбай – шырайлы Шымкенттен Петропавлға арман қуып келген жас. Бұрымды 4-ші курста оқиды. Ол жаңадан ашылған жатақхана жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынына сенімді.

АРУЖАН ҚЫДЫРБАЙ, М. Қозыбаев атындағы СҚУ 4-курс студенті:

— Жатақханада студенттерге бар жағдай жасалған. Коворкинг аймағы мен тренажерлық зал бар. Маған қатты ұнады.

Айта кету қажет, алдағы уақытта университеттің 1-2-ші жатақханалары жөндеу көреді.

 

Нұрасыл Ахмет