Облыста “Қазақстан халқына” қоғамдық қорының баспасөз туры өтті. Оған жергілікті журналистер қатысып, ұйымның қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты. Ең алғаш барған ықшам аудан – “Бірлік”. 2024 жылы қор 5 млрд теңгеден астам қаржы бөліп, бұл аумақта 200 баспана салып берді. Қаншама адам бөріктерін аспанға атты. Бірлік Баекин – 5 баланың әкесі. Тасқын кезінде “Ойқаладағы” үйі шатырына дейін суға кетіпті.
ҚАЙРАТ БАЕКИН, “Бірлік” ықшам ауданының тұрғыны:
— Баспана көңілімнен шықты. Керектінің бәрі бар. Балаларыма да ұнады. Биыл 2,5 тонна көмір жақтық. “Ойқалада” тұрған кезде 1 жылда 5 тонна кететін.
Бұл – облыстық перинаталдық орталық жанындағы ерте араласу орталығы. Мұнда ерекше балалар ем қабылдайды. Мекемені жабдықтауға қор тарапынан 64,8 млн теңге бөлінген. Қолдаудың арқасында қызмет көрсету орнына заманауи құрылғылар сатып алыныпты.
НАТАЛЬЯ ПОМАЗАНОВА, облыстық перинаталдық орталық жанындағы ерте араласу орталығының меңгерушісі:
— Орталық 2024 жылы ашылды. Бізде 3 айлық пен 3 жас 11 айлық арасындағы балалар ем қабылдайды. Балғындармен арнайы оқытудан өткен білікті мамандар жұмыс істейді. 1 жарым жылдың ішінде мекемеге 400-ге жуық ұл-қыз келді. Оларға тиісті көмек көрсетілді. Барлығы оңалды деп айта аламын.
“Қазақстан халқына” қоры маңызды бастаманы “Ерте араласу орталықтарын жарақтандыру” жобасы аясында жүзеге асырды. Петропавлдағы орталықта 8 кабинет қажетті заттармен жабдықталған. Мұнда жанға тыныштық сыйлайтын “Шунгит бөлмесі” де бар.
НАТАЛЬЯ ШАРАПОВА, ата-ана:
— Баламның туғанына 1 жас 3 ай болды. Әлі жүрмейді. Орталықта ем қабылдай бастағанымызға бірнеше күн болды. Оң өзгеріс байқалады. Мамандар сыпайы, тез тіл табысып кеттік. Қаламызда осындай емдеу мекемесі барына қуаныштымын.
Қордың қолдауымен өңірдегі 10 мектеп те заманауи құрал-жабдықпен жарақталды. Балалар игілігіне арналған бастамаға 2,5 млрд теңге жұмсалды. Ұйым көмегінің арқасында жаңарған білім ұясының бірі – Қызылжар ауданындағы №2 Бескөл орта мектебі. Оқу орны былтыр ғана күрделі жөндеу көрді. Іске 250 млн теңге бағытталды. Соның арқасында 90-шы жылы қолданысқа берілген нысан адам танымастай өзгерді. Мұнда болашағынан зор үміт күттіретін балалар тәлім алуда.
АҚМАРАЛ ІЛИЯСОВА, №2 Бескөл орта мектебі директорының орынбасары, Қызылжар ауданы:
— 4-ші сынып оқушыларының жаратылыстану пәні бойынша үлгерімі 27 пайыз болды. 1 жылдың ішінде 34 пайызға өсті. ҰБТ-ға келсек, орташа ұпай 89-ға дейін ұлғайды.
Қазіргі таңда мектепте 500-ден астам оқушы білім алады. Оларға 80 білікті ұстаз тәлім-тәрбие беруде. Тілшілер әр кабинетке бас сұқты, балалармен тілдесті. Мына робототехника кабинетінде ұл-қыздар өздеріне керекті дүниелерді жасай алады.
Жалпы, қордың қолдауының арқасында мектептің 29 кабинеті жөндеу көрді, заманауи құрылғылармен жарақталды. Оқушылар білім ұясында түрлі тәжірибелік жұмыстармен де айналысады. Осы орайда назар аударатын жайт бар. Қор белгілі бір санаттарға сәйкес келетін еліміздегі оқу орындарына ғана көмек көрсетеді.
БАУЫРЖАН ОРАЗҒАЛИЕВ, “Қазақстан халқына” қоры бағдарламалар мен жобаларды басқару жөніндегі орталықтың басшысы:
— Ең алдымен ұстаздардың білімін тексердік. Жұмыстарын көрдік. Бұл мектеп Қызылжар ауданындағы 3 білім ұясына көмек көрсетеді, тәжірибесімен бөліседі. Сондықтан осы мекемені таңдадық.
Биыл қатерлі ісікке шалдыққан солтүстікқазақстандықтар үшін құны 2,7 млрд теңге болатын жаңа сәулелік терапия сатып алынды. Оны облыстық онкологиялық диспансерге “Қазақстан халқына” қоры сыйлады. Заман игілігі обырды ғана емдейді. Яғни, науқастың сау тіндеріне зиян келтірмейді.
ХАБДРАХМАН БЕРКІМБАЕВ, облыстық көпбейінді аурухана сәулелік терапия бөлімшесінің меңгерушісі:
— Бұл аппарат арқылы ісіктің барлық түрін емдей аламыз. Оның көлеміне де қарамаймыз. Сәулелік терапия науқастың ағзасындағы обырдың формасына сәйкес жасалады. Терапия уақыты да қысқарды. Осының арқасында көп адамды қамти аламыз. Бұрын жерлестеріміз бұл емді алу үшін өзге қалаларға, елдерге барды. Қазір ешқайда бармайды.
Қоғамдық ұйым тағдыры қыл үстінде тұрған 26 теріскейлікке 3,2 млрд теңгенің дәрісін де сатып әперген. Облыста атқарылған игі іс ауқымды. Соның барлығына “Қазақстан халқына” қоры 17,8 млрд теңге бағыттапты.
Нұрасыл Ахмет