Қызылжар ауданының әкімі Бейбіт Исманов азаматтарды қабылдады. Билік өкілдерімен бетпе-бет жүздесуге атқамінердің орынбасарлары мен өзге де лауазымды тұлғалар қатысты. Қабылдаушы тарапқа біршама адам жүгінді. Зиягүл Жапарова Бескөлдегі “Оңтүстік-Шығыс” ықшам ауданында тұратын тұрғындардың бірнеше мәселесін арқалай келген. Алғашқы проблема – аялдама қою.
ЗИЯГҮЛ ЖАПАРОВА, ауыл тұрғыны:
— “Мирас” балабақшасының жанындағы аялдаманы жүргізушілердің шағымынан кейін алып тастатқан едік. Уақыт өте бұл жерге қандай да бір аялдаманың керек екенін түсіндік. Себебі, қар немесе жаңбыр жауған кезде ата-аналар мен балалар қиналады.
Аудан әкімі бұйымтайды жерде қалдырмады. Алдағы уақытта әлеуметтік маңызы бар нысан аумағында аялдама пайда болады. Ал екінші мәселе тұтас бескөлдіктерді алаңдатып отыр. 101-ші бағытта қатынайтын автобустың санын ұлғайту керек. Қоғамдық көлік үнемі адамға толы әрі көшеде темір тұлпар көбейсе, діттеген жерге уақытында келмейді. Салдарынан халық жұмысқа кешігіп жетеді. Бейбіт Исманов мәселені шешуге ниетті. Әкім жолаушылар тасымалдайтын көлікті көбейту бойынша жұмыспен айналыспақ.
ГҮЛМИРА ЖАМАХАЕВА, Қызылжар ауданы әкімі аппаратының жалпы мәселелер жөніндегі құрылымдық бөлімшесінің басшысы:
— Ашық есік күні тұрғындарды қабылдаумен шектелмейді. Бұл көтерілген сұрақтарға сараптама жасауға, тұрғындарымызды қандай мәселелер толғандыратынын білуге мүмкіндік береді. Осы арқылы біз алдағы жұмысымызды қай бағытта жоспарлау керектігін анықтай аламыз.
Түрлі мәселелер көтерілетін Ашық есік күні шарасы Қызылжар ауданында дәстүрлі түрде жылына 2 рет өтеді. Бүгін Бейбіт Исмановтың қабылдауына 40-қа жуық адам келді.
Ақтолқын Солтанханқызы