Қоғам

30 жылдың ішінде Конституцияға енгізілген өзгерістер

Жақында ғана ашылған “Мағжан орталығында” Конституцияның 30 жылдығына орай дөңгелек үстел өтті. Алқалы жиынға “Ата заң – мәңгілік елдің тұғыры” тақырыбы берілген. Кездесуде 30 жылда басты құжатқа енгізілген өзгерістер жайлы сөз болды. Басқосуға зиялы қауым өкілдері, судьялар мен қоғам белсенділері қатысты.

СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

— 30 жылдың ішінде Конституцияға өзгеріс енгізу үшін неше референдум өткенін айтатын боламыз. Солтүстікқазақстандықтардың науқанға қаншалықты қатысқаны жайлы да сөз болады.

Руханият ордасындағы жиын өнегеге толы болды. Көпшілік біле бермейтін мағлұматтар айтылды. 30 жылдың ішінде Ата заңға өзгеріс енгізу үшін Қазақстанда 2 жалпыхалықтық референдум өткен. 2022 жылы ұйымдастырылған соңғы дауыс берудің қорытындысы бойынша құжаттың 33 бабына 56 өзгеріс енді, 2 бөлімнің атауы өзгерді, Президенттің өкілеттілігі қысқарды, Парламентің рөлі күшейді. Тарихқа көз жүгіртейік. Алғашқы Конституциямыз 1926 жылы 18 ақпанда қабылданған. Авторы – Алаш қайраткері Барлыбек Сыртанов. Тар жол, тайғақ кешкен бұл кезеңде қазақтың нар тұлғасы Мағжан Жұмабаевтар елдік жолында еңбек етті.

СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

— Алғашқы Ата заңның қабылдануына Мағжанның тікелей қатысы бар деп айта алмаймын. Бірақ, басқару жүйесін қалыптастыруға зор көмегін тигізді.

30 жылда Ата заң 5 рет өзгертілді. 1998, 2007, 2011 және 2017 жылдары да жаңашылдық орын алды. Көпшілікке таныс ел ағасы Жарасбай Сүлейменов жастар Конституцияны көздің қарашығындай сақтап, тәртіпке бағынғанын қалайды.

ЖАРАСБАЙ СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР құрметті журналисі, СҚО Құрметті азаматы:

— Ата заң біздің құқығымызды қорғайды. Тиісінше, біз де оған қызмет етуіміз керек. Басшы да, қосшы да түгел бағынуы тиіс.

Бұрын Ата заңға енгізілетін өзгерістер Парламентте мақұлданды. Ал осыдан 3 жыл бұрын жаңашылдықты халық енгізетін болды. Жарасбай Сүлейменов бұл бастама Қазақстанның дамуына зор септігін тигізеді деп есептейді.

 

Нұрасыл Ахмет