Қоғам

Жаңа Салық кодексі

Жаңа Салық кодексі тұрғындарға кеңінен таныстырылуда. Жаңашылдық жайлы тілшілерге облыс бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Саян Мейрамов баяндады. 2026 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап салық есептілігі 30%-ға қысқарады, салықтар саны 20%-ға азаяды, жеңілдіктер мен алымдар оңтайландырылады.

САЯН МЕЙРАМОВ, СҚО бойынша МКД басшысының орынбасары:

Қосылған құнға салынатын салық мөлшерлемесі 12%-дан 16%-ға дейін ұлғаюына және ауыл шаруашылығы саласын қолдауға байланысты есепке жатқызылуы тиіс қосымша соманың мөлшері 70%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды. Одан әрі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан босатылады. Көлік құралдарының иелері үшін көлік салығы төмендетілді.

Камералдық бақылау ескерту сипатында болады. Салық берешегін өндіріп алу, кейінге қалдыру және бөліп төлеу рәсімдері жеңілдетілуде. Берешек аз болған жағдайда бизнес шоттарға тыйым салынбайды. Хабарламалар мен шаралар борыш сомасына қарай кезең-кезеңмен қолданылатын болады. Жеке табыс салығы бойынша стандартты шегерімдер 14 АЕК-тен 30-ға дейін ұлғайтылды. 2025 жылы қолданыста болған жеке табыс салығы бойынша шегерімдер жойылады.

САЯН МЕЙРАМОВ, СҚО бойынша МКД басшысының орынбасары:

Заңды және жеке тұлғалардың жер салығы бойынша ағымдағы төлемдерді есептеу бойынша міндеттеме алынып тасталды, салық төлеуші есепті жыл қорытындысы бойынша ғана ұсынатын болады және төлемді жүргізеді. Егер міндеттемелер сомасы 300 АЕК-тен аспаса, мүлік салығы бойынша ағымдағы төлемдердің есебі алынып тасталды. Салық төлеуші есепті жыл қорытындысы бойынша 1 рет ұсынады және тиісінше төлеуді жүргізеді.

Тұрғындар жаңа Салық кодексі бойынша толығырақ ақпаратпен департаменттің сайтында және әлеуметтік желілердегі аккаунттарда таныса алады.

 

Ақтолқын Солтанханқызы