Білім

СҚО-да 3 мың бала тасымалданып оқиды

Биыл Солтүстік Қазақстан облысындағы 444 мектепте алғашқы қоңырау соғылады. Оқушы саны 74 мыңның үстінде. Шәкірттердің 6 жарым мыңға жуығы – бірінші сыныпқа баратын балғындар. Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында айтылды.

ТАТЬЯНА ПРОТОПОПОВА, СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

— Оқу жылы 34 аптадан тұрады. 1-ші қыркүйекте басталып, 25-ші мамырда аяқталады. Алғашқы тоқсан – 8 апта. Күзгі демалыс қазанның 27-сі күні басталады және 2-ші қарашада аяқталады. Яғни, оқушылар 7 күн демалады. Екінші тоқсан да 8 аптаға созылады. Желтоқсанның 29-шы жұлдызында басталып, қаңтардың 7-і күні аяқталады. Ал үшінші тоқсан 10 аптаны құрайды. Мұнда 1 сыныптарға қосымша демалыс ұсынылады. Ақпанның 9-ы мен 15-і аралығында ұл-қыздар үйде болады.

Оқушылар асыға күтетін 4-ші тоқсан 8 аптаға созылады. Өкінішке қарай, кейбір ауылдардағы мектептер жабылды, кейбіріндегі оқу ұялары қысқарды. Сол елді мекендердегі балалар біліммен қамтылады. Олар тасымалданып оқиды.

ТАТЬЯНА ПРОТОПОПОВА, СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

— Биыл облыстағы 279 ауылдың балалары тасымалданып оқиды. Оқушы саны 3 мыңды құрайды. Олардың 2075-і күнделікті тасмалданбақ. Ал 932 ұл-қыз апта сайын үйлеріне барады. Бұл мақсатта 150 көлік бар. Техника жеткілікті. Биыл қосымша 8 автомобиль сатып алынды.

Брифингте оқу жылының басталуына қатысты да әңгіме қозғалды. Биыл 1-ші қыркүйек – демалыс күні. Осыған байланысты елімізде 2025-2026-шы оқу жылы күздің алғашқы айының 2-ші жұлдызында басталады.

 

Байболат Құлтанов