Білім

“Мектепке жол” акциясы жалғасуда

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн қалды. Ал облысымызда “Мектепке жол” қайрымдылық акциясы жалғасып жатыр. Бүгін жомарт жандардың бірі Ғ. Мүсірепов атындағы №43 орта мектепке келді. Білім ұясындағы қамқоршылық кеңесінің мүшесі, «Әткеншектер әлемі» серіктестігінің құрылтайшысы Владимир Козлов арнайы тізімдегі ұл-қыздарға қажетті заттар әкелді.

Владимир Козлов 14 балаға қағаз, дәптер, сөмке сияқты қажетті заттарды сатып алыпты. Жомарт жан оқу жылы қарсаңында мектепке келуді дәстүрге айналдырған. Ол 10 жылдан артық ұл-қыздардың жақындарына көмектесіп келеді. Балалар тартуға қуанып қалды.

ВАРВАРА ПОЕГОРОВА, Ғ. Мүсірепов атындағы №43 орта мектептің оқушысы:

— Мен 11-ші сыныпқа көштім. “Мектепке жол” акциясының жалғасып жатқанына өте қуаныштымын. Бүгін қажетті заттар табысталды, алғыс білдіремін. Біздің міндет – жақсы оқу. Осыны үлкендер ұдайы айтып отырады.

Қазір білім ұясында 800-ден астам оқушы бар. Мұндағы балалар қыркүйек айы қарсаңында ғана құрметке бөленбейді. Оқу жылы ішінде де түрлі тартулар иеленеді.

НАДЕЖДА ЗОЛОТИЛИНА, Ғ. Мүсірепов атындағы №43 орта мектеп директорының міндетін атқарушы:

— Біз бұл акцияға жылда қатысамыз. 1-ші тамыздан бастап 305 оқушыға көмек көрсетілді. Олардың барлығы – аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың мүшелері. “Мектепке жол” қайрымдылық шарасы көптеген ата-ананың, баланың жүзіне күлкі сыйлауда. Игі бастама жалғаса берсін!

Өңірде “Мектепке жол” қайырымдылық шарасы жалғасын табады. Бүгінгі күнге дейін теріскейлік жомарт жандар мыңнан астам оқушыға қажетті заттарды сатып әперген.

 

Мәдина Қаби