Ауыл шаруашылығы

Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров кәсіпкерлердің базынасын тыңдады

Облысқа жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдарбек Қожаназаров бастаған «Республика» партиясының өкілдері келді. Олар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесті. Жүздесуде теріскейлік іскер жандарды толғандыратын мәселелер талқыланды.

АЙДАРБЕК ҚОЖАНАЗАРОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

— Шаруалар тарапынан түрлі сұрақтар қойылды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді 3 негізгі мәселе алаңдатады. Биыл егін бітік шықты. Өнімді жинап алып, қоймаларға жеткізу керек. Ал кәсіпкерлер жанар-жағармайға, кептіргіштерге субсидия түрінде қолдау көрсетілгенін қалайды. 2 жыл бұрын біздің партия осындай мәселемен айналысқан еді.

Халық қалаулысы айтылғандарды ой дәптеріне түртіп алды. Ол теріскейлік тауар өндірушілердің өтінішін билікке жеткізбек. Ендігі мәселе – құс фабрикаларын дамыту.

АЙДАРБЕК ҚОЖАНАЗАРОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бізде құс фабрикалары өте көп. Жұмыртқа, ет бойынша Ресей және Беларусьпен бәсекеге түсе аламыз. Біз осыны алға тартып, осыдан бірнеше ай бұрын елімізге тауық жұмыртқасын әкелуге шектеу қойдыздық. Бұл отандық өнімді сатуға, тұтынуға және өндіріс орындарын дамытуға мүмкіндік берді.

Алайда, бұл шектеу қазанның 1-і күні күшін жояды. Қазіргі таңда партия өкілдері осы бағытта жұмыс істеуде, депутаттар тыйымның әзірге алынбағанын қалайды. Үшінші өзекті мәселе – субсидиялар бойынша қарыздар.

АЙДАРБЕК ҚОЖАНАЗАРОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Биыл да субсидиялар бойынша қарыздар барына көз жеткіздік. Мұндай проблема былтыр да болды. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында кәсіпкерлер 21 млрд теңгені ала алмай отыр. Қостанай облысында да осындай жағдай. Бұл – іскер жандар үшін ауыр соққы. Оны мойындауымыз керек.

Мәселе жедел арада шешуді қажет етеді. «Республика» партиясы өкілдері ағымдағы жылдың соңына дейін субсидиялар бойынша қарыздарды жабу бойынша бастама танытпақ.

 

Ақтолқын Солтанханқызы