Ата заң күніне орай облыстық прокуратурада “Конституция – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі мен дамуының негізі” атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Шараның негізгі мақсаты – басты құжаттың қоғамдағы орнын, адам құқығының маңыздылығын айту.
ДИНАРА РАХИМБЕРЛИНА, СҚО сотының судьясы:
— Қасым ханның қасқа жолы” жинағы мемлекет өмірін дала демократиясының арнасына түсірді. Адамның өмірі мен бостандығы дала демократиясының негізін құрады.
Сандарды сөйлетсек, жыл басынан бері облыста 24 мыңнан астам азаматтың құқығы қорғалды. Прокурорлардың араласуымен 5 кәсіпорынның 220 жұмыскеріне 101 миллион теңге жалақы қарызы қайтарылды. Қаладағы және аудандағы жалпы білім беру мекемелері зейнетке шыққан адамдарға өтемақыны дұрыс төлемеген. Яғни, 330 адамға 42,5 миллион теңгені аудармаған. Кінәлі тұлғалар анықталып, жауапкершілікке тартылды. Мәселе шешімін тапты.
АЛМАС ЖАЛМАҒАМБЕТОВ, СҚО прокуратурасы басқармасының бастығы:
— Сонымен қатар, қоғамнан оқшауланған адамдар да өз құқықтарын қорғай алады. Олар басқа адамдар сияқты оқиды, медициналық көмекке жүгінеді, аналық құқықтарын қорғайды. Соңғы 3 жыл ішінде осы бағытта 900-ден астам заң бұзушылық анықталды. Кінәлі тұлғаларды анықтап, жауапкершілікке тарттық.
Жиын барысында қадағалаушы орган өкілдері халықты Ата заңымызда жазылған ережелерді қатаң сақтауға шақырды.
Мәдина Қаби