БалаларҚұқық қорғау органдары

Интернет-алаяқтар балақайларды алдауға көшті

Ата-аналарға құлаққағыс! Интернет-алаяқтар енді балақайларды алдауға көшті. Олар ғаламторда ойындар ойнайтын ұл-қыздармен ойыншы ретін танысып, сенімді қарым-қатынас орнатып, заңсыз істерге итермелеуде. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Балалардың құқықтарын қорғау комитеті хабарлады. Ведомства қауіптен қорғану үшін бірқатар кеңес ұсынады.

Балаға интернетте не істеуге болмайды?

  • Өзінің жеке деректерін (аты-жөні, тұрғылықты мекенжайы, телефон нөмірі, отбасы мүшелері жайлы ақпаратты) ешкімге жарияламауы керек;
  • Instagram, Telegram, TikTok, ВКонтакте секілді әлеуметтік желілердегі күмәнді қауымдастықтар мен беймәлім чаттарға кірмеуі тиіс;
  • Ата-ананың рұқсатынсыз, қауіпсіздігі тексерілмеген күмәнді онлайн ойындарды ойнаудан аулақ болған жөн.

Бұл ретте ата-аналар сауысқандай сақ болуы тиіс. Олар үйде де, түзде де баласының іс-әрекетін бақылауы міндетті.

Ата-ана баласының интернеттегі әрекетін қалай бақылап отыра алады?

  • Цифрлық бақылау құралдарын қолдану: Android құрылғылары үшін Family Link, ал iOS жүйесінде Screen Time қызметін пайдалану ұсынылады;
  • Баланың әлеуметтік желілердегі достары мен жазылған парақшаларын үнемі қадағалау;
  • Профиль суреттері, аты-жөні белгісіз немесе түсініксіз белгілер мен таңбалар бар аккаунттарға ерекше назар аудару қажет.

Баланың мінез-құлқына да назар аудару керек. Егер бала түнде жиі оянса, ұйқысы бұзылса, ашушаңдық байқалса, сөйлесуден бас тартса, депрессивті, агрессивті мазмұндағы видеолар көрсе, бірден дабыл қаққан жөн. Мұндай сәтте ұл-қыздармен ашық тілдескен абзал немесе арнайы мамандардан көмек алуға болады. Тегін байланыс орталығына тәуліктің кез-келген уақытында 111 нөмірі арқылы хабарласа аласыздар.

 

Ақтолқын Солтанханқызы