Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2026-2028 жылдарға және 2035 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамдары, алдағы 3 жылдық кезеңге арналған республикалық бюджет жобасы мақұлданды. 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер көлемі қаралды. Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша 2026-2028 жылдары жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық нақты өсімі 5,3%-ды құрайды. Ал 2035 жылға дейінгі ұзақ мерзімді перспективада өсім 4,5% деңгейінде болады.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР Премьер-Министрі:
— Президент бюджеттің теңгерімділігін сақтауды, республикалық және жергілікті деңгейлерде қаражатты сапалы жоспарлап, тиімді бөлуді тапсырды. Заң жобалары бюджеттік параметрлерге сәйкес әзірленді, сондай-ақ мемлекеттік қаржының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін барынша оңтайлы. Жалпы алғанда бюджет теңдестірілген және Мемлекет басшысының барлық стратегиялық бастамалары ескерілген. Жалпы сипаттағы трансферттер көлемі Өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес, өңірлерге базалық инфрақұрылымның қолжетімді болуына теңдей жағдайды қамтамасыз етіп отыр.
Премьер-министр барлық мемлекеттік органдарға елдің әлеуметтік-экономикалық дамудың белгіленген параметрлеріне қол жеткізуді қамтамасыз етуді, сондай-ақ, бюджет қаражатын барынша тиімді және уақтылы пайдалану, сондай-ақ шығындарды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Байболат Құлтанов