Аптадағы маңызды жаңалықтарЭкономика және қаржы

СҚО-ға Қытай Халық Республикасының Елшісі ресми сапармен келді

Өңірге Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь бастаған делегация ресми жұмыс сапарымен келіп кетті. Аспанасты елінің өкілдері облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовпен кездесіп, екі мемлекет арасындағы серіктестікті дамыту бойынша бірқатар мәселелерді талқылады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысы әкімі:

— Қытай – Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктесі. Мемлекет басшысы атап өткендей, екі ел арасындағы қарым-қатынас жаңа “алтын кезеңге” қадам басты. Солтүстік Қазақстан облысы осы тиімді әріптестікті одан әрі дамытуға мүдделі.

Кездесу барысында аймақ басшысы қытайлық делегацияға облысымыздағы ірі кәсіпорындарды таныстырды. Соңғы 3 жылда аймақта 42 заманауи сүт өндіру кешені тұрғызылды. Жылына 20 мың тонна ет беретін шошқа кешені жұмыс істеп тұр. Сапалы тауарымен танымал құс фабрикалары да бар. Солардың бірі – «Северный бройлер». Қазір аталған кәсіпорын шекара сыртына өз өнімін шығаруға әзір.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысы әкімі:

Өңірде аграрлық салаға басымдық берілген. Елдегі ауыл шаруашылығына арналған жердің 3,6 пайызына ғана иелік етеміз. Соның өзінде ел көлеміндегі өнімнің 12 пайыздан астамын шығарамыз. Сонымен қатар, дәнді дақылдардың 25 пайызы біздің облыста жиналады. Мүмкіндігіміз зор. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында өңіріміз бен Қытай арасындағы тауар айналымы 76 млн АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылдан көп.

Экспорттың негізгі бөлігін дәнді және майлы дақылдар құрайды. Бұл бағытта қазір Тайынша ауданында қытайлық инвесторлар жемісті жұмыс істеуде. Алдағы уақытта тағы 90 млрд теңге көлемінде инвестиция құйылады. Нәтижесінде агроөнеркәсіптік парк құрылады. Мұнымен шектеліп қалмау қажет. Аймақ басшысы қонақтарды «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағында өзге де жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Жүздесуде Қозыбаев университеті жайлы да айтылды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ , Солтүстік Қазақстан облысы әкімі:

— Қозыбаев университеті Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарымен, оның ішінде Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетімен тығыз байланыс орнатқан. Жоспар ауқымды. Біз жергілікті оқу ордасының Қазақстанның аграрлы-индустриялы хабы болғанын қалаймыз. Мұнда екі елдің дамуына үлес қосатын мамандар даярланатын болады.

Меймандар өңірімізді жоғары бағалайды. Олар Солтүстік Қазақстан облысымен байланысты арттыруға ниетті.

ХАНЬ ЧУНЬЛИНЬ, ҚХР Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

— Екі ел арасындадағы тауар айналымы жылдан-жылға ұлғайып келеді. Биыл тамаша көрсеткішке қол жеткіздік. Солтүстік Қазақстан облысының жері құнарлы, ауыл шаруашылығы дақылдарына бай екенін жақсы білеміз. Біз өз кезегімізде серіктестікті нығайтып, түрлі жобаға инвестор болуға дайынбыз. Осы сапар арқылы аймақтағы зауыттармен, оқу орындарымен жақынырақ танысқым келеді.

Алқалы жиыннан соң қытайлық делегация облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұловпен бірге бірқатар нысанда болып, жұмыспен танысты.

 

Ақтолқын Солтанханқызы