СҚО әкімдігі

Петропавл қаласының әкімі депутаттар алдында есеп берді

Петропавл қаласының әкімі депутаттар алдында есеп берді. Кездесуде Серік Мұхамедиев жарты жыл ішінде атқарылған жұмыстарды баян етті. 1-ші шілдедегі жағдай бойынша шаһар бюджеті 80 млрд теңгеден асады. Оның 65,7 млрд-ы – бекітілген қаражат. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 275 млрд теңгеден асып жығылады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 21 пайызға артық.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

— Биыл Петропавлға 97,3 млрд теңге инвестиция тартылды. 48,2 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдағыдан 5,1 пайызға көп.

Алда маңызды кезең – жылыту маусымы келе жатыр. Петропавлда 166 әлеуметтік нысан орталықтандырылған жылумен қамтылған. Бүгінде соның 44 пайызының құбырлары жуылып, қысымы тексеріліпті. Былтырғы тасқыннан сабақ алған жергілікті әкімдік “Ойқала” ықшам ауданы мен “Былғары зауыты” кентінде бөгеттер тұрғызды. Берік қорғаныс үйінділерінің арқасында жүздеген отбасы апаттан аман қалды. Серік Мұхамедиевтің сөзінше, шаһарда абаттандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

— Су тасқынынан кейін сұрықсыз күйге енген “Былғары зауыты” кенті мен “Ойқала” ықшам ауданында 74 демалыс орны ашылды. Маңызды жұмыс кәсіпкерлер мен диқандардың арқасында атқарылды. Мұнымен тоқтап қалмаймыз. Келесі жылы “Қазақстан халқына” қоры аталған аудандарда 2 спорт кешенін салатын болады. 2 мың түп көшет отырғызылып, елді мекендер адам танымастай өзгереді.

Мұндай кеңестің сұрақсыз өтуі мүмкін емес. Қалалық мәслихат депутаты Марат Ысқақовты жоғарыда аталған елді мекендердегі қоқыс мәселесі алаңдатады.

МАРАТ ЫСҚАҚОВ, қалалық мәслихат депутаты:

— 1 жылдан астам уақыт өтті. Кейбір көшелерде сүрілген баспаналардың қалдығы жатыр. Бұл өрт оқиғаларына себеп болуы мүмкін. Мәселені қашан шешпек ойларыңыз бар?

Серік Мұхамедиев қар түскенше аталған мәселені шешуге уәде етті. Орынбасары Сергей Мелеховке бірден бірқатар тапсырма берді. Биыл “Заречный” тұрғындары толығымен көшіріледі. Оларға арналып “Жас Өркен”, “Қопай” ықшам аудандары мен орталықта көпқабатты үйлер тұрғызылып жатыр. Маңызды іспен “Зерттеу” және “Альфа-Север” серіктестіктері айналысуда.

 

Нұрасыл Ахмет