Ерке Есілдің жағасында орналасқан Өрнек ауылының құрылғанына 100 жыл толды. Мерейтойға орай қаймағы бұзылмаған елді мекенде думан ұйымдастырылып, асхана ашылды. Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Ербол Абжанов қатысты. Ол дүйім жұртқа Мереке Мұхамедияровтың құттықтауын оқып берді.
ЕРБОЛ АБЖАНОВ, Есіл ауданы әкімінің орынбасары:
— Ауылдың дамуына бағытталған әр бастама – ортақ жетістігіміз. Өрнек – ұйымшыл, еңбекқор жандардың мекені. Сіздердің бірліктеріңіз – ең үлкен байлығымыз. Әр отбасыға бірлік, елімізге тыныштық тілеймін!
«Ауылына қарап, азаматын таны» деп бекер айтылмаған. Өрнектегі әр адам ортақ іске құштар. Асхана сол бірліктің, түсіністіктің арқасында салынды. Тұрғындарға тарихи әрі көрікті мекеннің тумалары жәрдем берді.
АМАН ӘЛМЕНОВ, жеке кәсіпкер, Өрнек ауылының тумасы:
— Ауылға келіп, ауылды дамыта бастадық. Ең алдымен зиратты жөндедік, үй салдық. Кейін ойымызға асхана салу келді. Ауыл тұрғындары да қолдай кетті.
Өрнекте өнерлі де адамдар көп. Аядай ғана ауылдың ғасырлық тойы ауқымды кештерден кем түспеді. Өлең оқылды, ән шырқалды. Ағайын арқа-жарқа болды. Ауылдың жастары үлкенге құрмет, кішіге ізет танытуды біледі. “Шаңырақ” атауы берілген асхананың таспасын көпті көрген батагөй қариялар қиды.
Өрнекті батырлардың мекені ретінде де білуіміз қажет. Кезінде Есілдің жағасына айлап аттан түспеген бабалар қоныстанған. Тарихты ауылдың тумасы, Қазақстанның құрметті журналисі Болат Қожахметов жақсы біледі.
БОЛАТ ҚОЖАХМЕТОВ, Қазақстанның құрметті журналисі:
— Біздің аталарымыз “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан” кейін Есілдің жағасына келген. Есілдің жағасында башқұрттар тұрған. Аталарымыз солармен соғысып, жеңіп, Қызылжарға дейінгі жерді именденген.
Қазір Өрнекте 50-ге жуық үй бар. Оңтүстіктен отбасылар келуде. Мерейтойда барлығы қауышты, мәз-мейрам болып, бір-бірін құттықтады.
Байболат Құлтанов