«Respublica» партиясы жанындағы әйелдер қоғамдастығының белсенділері «Солтүстік әйелдерінің күші» форумын ұйымдастырды. Облыстық деңгейдегі шараға 100-ден астам азаматша шақырылған. Олар: іскер нәзікжандар, мемлекеттік қызметшілер мен еріктілер. Әртүрлі саланың тұтқасын ұстаған жерлестеріміз жақынырақ танысқысы, тәжірибе алмасқысы келеді. Салихат Анафина Уәлиханов ауданынан келді. Күнгейден қоныс аударған кәсіпкер қазір мемлекет қолдауының арқасында сұлулық салонына жетекшілік етеді.
САЛИХАТ АНАФИНА, жеке кәсіпкер:
— Мемлекет тарапынан грант берілді. Сол гранттың арқасында ісімді бастадым. Басында жай шебер едім, қазір өзімнің салоным бар.
Әйелдер әр салада кәсіппен айналыса алады. Еңбекқұмар нәзікжандарға білім, тәжірибе мен қаржылай қолдау ұсынылса жеткілікті. Re.Women әйелдер қоғамдастығының филиалы жақында ғана ашылды. Соның өзінде бірнеше шара өткізіп, қыз-келіншектерге әртүрлі бағытта жәрдем берген.
ЮЛИЯ АСКАРОВА, Re.Women әйелдер қоғамдастығы CҚОФ төрағасының орынбасары:
— Біз әйелдердің білім алуына күш салғымыз келеді. Кейбірі қайда бару, кімнен ақпар алу қажеттігін білмейді. Соларға көмек көрсетсек және кәсіпкерлік саласына енді келген жандарға демеу берсек дейміз. Жұмысымызды бастағалы әртүрлі жайтқа көзіміз жетті. Біреуінің ақшасы бар, идеясы жоқ, ал біреуінің идеясы бар, ақшасы жоқ. Міне, біз осындай аруларды қолдаймыз.
Форумда қоғамдастықтың белсенді өкілдеріне алғыс хаттар табыс етілді. Олар қайырымдылық және қаржылық көмек көрсетеді.
Байболат Құлтанов