Өткен аптада ғана әйелдер күресінен жастар арасында өткен әлем чемпионатында қола жүлде еншілеген Анна Стратан Петропавлға оралды. Жүлдегерге өзі білім алатын облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-олимпиадалық резерв колледжінде құрмет көрсетілді. Шараға дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қарлығаш Рамазанова қатысты.
ҚАРЛЫҒАШ РАМАЗАНОВА, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
— Сізді жеңісіңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіз өңірдің ғана емес, ел намысын абыроймен қорғадыңыз.
Қарсы алу шарасында Мамлют ауданының әкімі Елена Степаненко да бой көрсетті. Анна – Меңгесердің тумасы. Ауылдың топырағында аунап, 11-ші сыныпқа дейін білім алған. Жеке бапкері Руслан Дәулетовтың сөзінше, чемпион атану үшін физикалық дайындық жетіспеді. Жерлестеріміз алдағы уақытта қателікпен жұмыс істеп, кеткен есені қайтаруға бар күштерін салмақ.
РУСЛАН ДӘУЛЕТОВ, Анна Стратанның жеке жаттықтырушысы:
— Нәтижеге көңілім толады. Қазақстаннан әлем чемпионатына 10 қыз барды. Соның ішінен Анна ғана жүлдегер атанды.
Ел мерейін асырған спортшы – көздерінде оты бар жастарға үлгі. Оны құрмет тұтады. Бір топ бала палуанның қасынан шықпай, қолтаңбасын алып жатты.
АННА СТРАТАН, әйелдер күресінен жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері:
— Барлық спортшының арманы бір – Олимпиада чемпионы болу. 2028 жылы Лос-Анджелес төрінде байрағымызды көкке көтеріп, Әнұранымызды шырқатқым келеді. Ол үшін талмай еңбек етемін. Жартылай финалда күшім жетпей қалды. Шынымды айтсам, шаршап қалдым. Қолдау көрсеткен жандарға алғыс айтамын!
Аннаны дүбірлі додалар күтіп тұр. Бозкілем шебері сәл тынығып, алдағы жарыстарға дайындықты бастамақ.
Нұрасыл Ахмет