Қоғам

2026 жылы Қазақстанда жаңа Салық кодексі енгізіледі

2025 жылғы 18 шілдеде мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексіне қол қойды. Жаңашылдық 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап өз күшіне енеді. Маңызды құжат бірқатар өзгерісті қамтиды.

ЖАНАТ ЖҰМАБЕКОВА, СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы:

— Корпоративтік табыс салығының негізгі мөлшерлемесі 20% деңгейінде сақталады. Кәсіпкерлік субъектілеріне кредит беру жөніндегі қызметті қоспағанда банк секторы үшін мөлшерлеме 25% құрайды. Сондай-ақ, ойын автоматтары залы, тотализатор және букмекер кеңсесінің қызметі бойынша КТС есептеу және төлеу 25% көтеріңкі мөлшерлемеде көзделіп отыр. Әлеуметтік сала білім беру, медицина үшін мөлшерлемені кезең-кезеңмен арттыру ұсынылады: 2026 жылдан бастап – 5%, 2027 жылдан бастап – 10%. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін мөлшерлеме сол деңгейде қалады – 3%.

Сонымен қатар, жаңа Салық кодексінде корпоративтік табыс салығы бойынша салық жеңілдіктерін қолдану шарттары мен тәсілдері өзгертілді. Мәселен, мекемеде мүгедектігі бар адамдар жұмыс істейтін болса, кәсіпкерлер табыс салығын азайта алады.

ЖАНАТ ЖҰМАБЕКОВА, СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы:

Егер мүгедектігі бар адамдардың саны 3-тен 10-ға дейін болса 50%, ал егер қызметкерлер саны 10-нан жоғары болса 100% азайтуға мүмкіндіктері бар. Сонымен қатар, 2026 жылдың 1 қантарынан бастап декларация тапсырылғанға дейiнгi аванстық төлемдер бойынша есеп айырысу алынып тасталды. Енді 1-тоқсан үшін аванстық төлемдерді есептеуді мемлекеттік кіріс органдары жүзеге асырады. Аванстық төлем шегі 325 000 АЕК-тен 600 000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.

Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлер, шаруашылық қожалықтары мен жеке практикамен айналысатын тұлғалардың табыстарын қоспағанда, кірістердің барлық түрлеріне тиісті прогрессивті мөлшерлер шкаласы бойынша салық салынады.

ЖАНАТ ЖҰМАБЕКОВА, СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы:

Мысалы, егер қызметкердің жылдық табысы 8 500 АЕК-тен аспаса (шамамен 35 млн теңге), мөлшерлеме бұрынғыша қалады және 10%-ды құрайды. Ал, осы шектен асқан жағдайда салық салынатын кiрiстен 8500 АЕК (10%), ал одан асатын соммаға 15 пайыздық мөлшерiндегi салық салынады. Растайтын құжаттарсыз және кірістер мен мүлік туралы декларацияны ұсыну қажеттілігінсіз 30 еселенген АЕК (120 мың теңге) бірыңғай базалық салық шегерімі көзделген.

Қазір жаңа Салық кодексі жер-жерде таныстырылып жатыр. Егер қандай да бір сұрақтар туындаса, адамдар СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне хабарласа алады.

 

Ақтолқын Солтанханқызы