Білім

Жұмысшы мамандар даярланатын іргелі оқу орны

Жәлел Қизатов атындағы жоғары ауыл шаруашылығы колледжінің негізі 1923 жылы қаланған. Тарихы бір ғасырдан асатын оқу орнында бүгінде бірнеше мамандық иесі даярланады.

БЕЙІБЕТ БҰҒАСОВ, Ж. Қизатов атындағы жоғары ауыл шаруашылығы колледжінің директоры, Есіл ауданы:

Былтырғы оқу жылында колледжде 460 бала оқыды. Қазір жаңа оқу жылына қабылдау жүргізіліп жатыр. 220 талапкерді күтіп отырмыз. Колледж қабырғасында 600 орынды 2 бірдей жатақхана бар.

Колледждің арнайы жері бар. Аумақта арпа, бидай, сұлы, картоп сынды өнімдер өсіріледі. Күзде жиналатын астық оқу орнының фермасындағы малға беріледі. Бұл – студенттер өндірістік тәжірибеден өтетін орындар. Ал мекеменің оқу кабинеттері заманауи құралдармен жабдықталған. Солардың көмегімен еттің құрамында бактерия бар-жоғын, жануарлардың жүктілігін анықтауға болады.

АЛЕКСАНДР КОРПЕНКО, Ж. Қизатов атындағы жоғары ауыл шаруашылығы колледжінің студенті, Есіл ауданы:

“Ветеринария” мамандығын өзім таңдадым. Жануарларды жақсы көремін. Анам да, атам да мал дәрігері болып қызмет етеді. Оқуым өте қызықты, ұстаздармен түрлі тәжірибе жасаймыз.

Колледж 2019 жылы “Жас маман” жобасы аясында үздік атанды, қомақты қаражат иеленді. Ақшаға заманауи техникалар алынды. Соның бірі – заманауи трактордың тәжірибе толықтыруға арналған нұсқасы. Оның көмегімен жастар басқаруды, жұмыс істеуді үйренеді. Сонымен қатар, колледж жанында шағын сүт зауыты, мал сою қосыны бар.

Ақтолқын Солтанханқызы