Ас – адамның арқауы! Бірақ, бұл мақалдың мағынасын жастардың дені түсінбейді. Қазіргі қыз-жігіттердің көбі денсаулыққа зиян келтіретін фаст-фудқа құмар. Олардың ойын өзгертіп, дұрыс тамақтануға шақырған жөн. Сол үшін қалалық жастар ресурстық орталығының мамандары ерекше шара өткізді. Табиғат аясында ұйымдастырылған жиынға санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері арнайы шақырылған. Олар қатысушы 20-ға тарта жанға ненің бұрыс, ненің дұрыс екенін айтты. Тамақтанған адам бірден жатып та қалмау қажет. Далада жүріп, асты қорытқан абзал. Ұйымдастырушылар мұнымен шектелмеді. Спорттық және викториналық ойындарда да ойнатып, жастардың көңіл-күйін көтерді.
ДАМИР ӘБДИН, Петропавл қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:
— Шара “Таза Қазақстан” акциясы аясында өтіп жатыр. Бұл басқосуды тегіннен-тегін ұйымдастырып отырған жоқпыз. Әлемдегі әр 8-ші адам семіздікке шалдыққан. Олардың басым көпшілігі – жастар. Фаст-фудты көп тұтынған адам семіздіктен бөлек, жүрек аурулары мен қант диабетіне шалдығуы мүмкін. Сондықтан, ұл-қыздардың тез дайындалатын тағамдарға деген ойын өзгерткіміз келеді. Біздің басты мақсатымыз – дені сау орта қалыптастыру.