Спорт

Петропавлда жазғы биатлоннан ел чемпионаты басталды

Петропавлда биатлоннан ҚР жазғы чемпионаты бастау алды. Дүбірлі дода жастар мен жасөспірімдер арасында өтіп жатыр. Бәсекеге еліміздің 9 облысынан сайдың тасындай іріктелген 100-ге жуық спортшы қатыспақ. Жарыстың ашылу салтанатына дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қарлығаш Рамазанова қатысты. Тізгінді енді ұстаған маман саланы алға жылжыту үшін мықтап күш салмақ ниетте.

ҚАРЛЫҒАШ РАМАЗАНОВА, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

— Қысқы спорт түрлері облыста қарқынды дамып келеді. 3 жыл бұрын Петропавлда шаңғыроллерлік трасса ашылды.  Жоспар ауқымды. Ең алдымен жаттықтырушылардың біліктілігін арттыруды көздеп отырмыз.

Көп кешікпей спортшылар жаттығуға кірісті. Жігіттер жүгіру арқылы дене қызды, аумақпен танысты.

ВИКТОР СОЛОВЬЕВ, чемпионаттың бас төрешісі:

— Чемпионат тамыздың 26-шы жұлдызына дейін жалғасады. Алдымен спринттік дода өтеді. Кейін, жекелей және командалық сайыс ұйымдастырылмақ. Бүгінгі жарыстың ерекшелігі бар, спортшылар роллер теппейді. Жүгіру арқылы мықтыны анықтайды. Сонымен қатар, жатып және тұрып нысана көздейді. Бәсекеде жеңімпаз атанған спортшылар бірден ұлттық құрама сапына қосылады.

Ал мына жерде құралайды көзге ататын жастар жаттығып жатыр. Олар нысана көздеп, дәлдіктерін сынауда. Кейбірі теннис добын пайдалануда. Мұндай жаттығу көздің көруін жақсартады, ептілікті арттырады.

ГЛЕБ ХАРЛАМПОВ, жарысқа қатысушы, Павлодар облысы:

— Қарсыластарым өте мықты. Бәрін танимын. Біз де оңай шағылар жаңғақ емеспіз. Жақсы дайындалдық. Былтыр өткен ел чемпионатында 3-ші орынға ие болдым. Биатлонмен айналысып жүргеніме 6 жылдан асты. Басты мақсатым – ел намысын абыроймен қорғайтын спортшы атану.

Жарыс жеңімпаздары марапатқа ие болады. Айта кетейік, биатлонмен 300-ге жуық солтүстікқазақстандық айналысады.

 

Нұрасыл Ахмет