Қоғам

Өрт қауіпсіздігін сақтамаған тұлғаларға 823 мың теңге көлемінде айыппұл салынды

Жыл басынан бері өңірімізде 293 өрт оқиғасы тіркелген. Былтырғы жылмен салыстырғанда көрсеткіш 17 пайызға жоғары. Тілсіз жаудың салдарынан 17 адам қаза тапты. Алаңдатарлық тағы бір жайт – дала өртінің көбеюі. Ағымдағы жылы ылғалдың көптігіне қарамастан облыстың даласында қызыл жалын 39 мәрте бас көтерген. 329 гектар отқа ораныпты.

ДМИТРИЙ РАСТИХИН, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

— Өрт қаупі аса жоғары кезеңге дайындық барысында 55 алдын алу тобы құрылды. Олармен 920 рейд ұйымдастырылды. Нәтижесінде қауіпсіздікті сақтамаған 132 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 104-і ескерту алса, қалғанына 823 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

Жылыту маусымы да жақындап қалды. Осы орайда мамандар жер үйлердің алдағы қауырт кезеңге дайындығын тексеріп жатыр. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері 15-ші тамыздан бастап 820 баспанада болған. Қамтылған адам саны 2700-ге жуықтайды.

ДМИТРИЙ РАСТИХИН, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

— Тексеріс барысында 220 үйде өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы анықталды. Мамандарымыз 413 датчик орнатты. Олар түтін немесе улы газ тараған жағдайда дабыл қағып, тұрғындарды оятады. Тағы осындай 815 құрылғы орнату керек. Халықтың әлеуметтік осал топтарына жан-жақты жәрдем береміз. Мысалы, тұрмысы төмен 64 үйдің мұржасын тазаладық.

Уақыт зымыранша зулап барады. Күз таяп қалды, көзді ашып-жұмғанша қыс та келеді. Ал Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері халықты қазірден қамдануға, сақтық шараларын қаперден шығармауға шақырады.

 

Байболат Құлтанов