Солтүстікқазақстандық белсенді жастардың басы бір жерде тоғысты. Петропавлда “Таза Қазақстан” акциясы аясында кезекті экологиялық шара өтті. Ауқымды бастамаға облыстың түкпір-түкпірінен келген 500-ден астам қыз-жігіт қатысты. Олар ең алдымен Тұңғыш Президент саябағын күл-қоқыстан тазартты. Қолдарына тырма ұстаған жастар шөп, жапырақ пен бұталарды жинап, қаптарды толтырды.
ДАМИР ӘБДИН, Петропавл қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:
— “Таза Қазақстан” акциясына немқұрайлы қарауға болмайды. Қоңыр күздің алдында сүйікті қаламызды көрікті етейік! Шараға барлық ауданның жастарын шақырдық. Сөзімізді жерге тастамаған қатарластарымызға алғысымыз шексіз. Белсенді жастардың басын жиі қосып, жаңа бастамаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз.
“Таза Қазақстан” жай ғана атау емес. Бұл – елдегі экологиялық мәселелерді шешуге арналған кешенді бағдарлама. Тазалық шараларының арқасында жастар жаңа таныстық та орнатады. Қаладағы, аудандағы қыз-жігіттердің бірлігі артады. Жыл басынан бері Ақжар ауданында 100-ден астам сенбілік өтіпті. Нәтижесінде мыңнан астам көшет отырғызылған.
АБЗАЛХАН ТІЛЕГЕН, Ақжар аудандық жастар ресурстық орталығы жетекшісінің міндетін атқарушы:
— Әр адам тазалықты өзі тұрып жатқан үйден бастау керек. Біз сияқты жастар экологиялық мәселелерге немқұрайлы қарамаса, қоғамда біршама оң өзгерістер орын алар еді.
Экоакция спорттық және викториналық ойындармен жалғасын тапты. Жастарды тазалыққа шақыру мақсатында түсіндіру кездесуі де өткізілді.
Нұрасыл Ахмет