Экономика және қаржы

Инвестиция тарту – дамудың негізгі жолдарының бірі

Экономиканы дамыту үшін инвестиция тарту жұмыстары қарқын алуы тиіс. Бұл бағытқа мемлекет те ерекше қолдау көрсетуде. Соның арқасында тың жобалар жүзеге асырылып жатыр. Әрмен қарай қадам басу үшін Петропавлда Сыртқы істер министрлігіне қарасты инвестиция комитеті өкілдерінің қатысуымен жиын өтті. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов қатысты.

ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, СҚО әкімінің орынбасары:

— Инвестиция тарту – Мемлекет басшысының жіті назарындағы мәселе. Президент әр өңірге бірқатар тапсырма берді. Біз соның аясында кәсіпкерлермен тығыз байланыс орнатудамыз. Мұндай азаматтар ауылдардың, қаланың дамуына зор үлесін қосады. Халықтың тұрмысын жақсартуға арналған нысандар тұрғызады.

Жиынға қатысушылар министрлік өкілдерінен бизнесті қолдаудың тетіктері, қаржы құралдары мен экспорттық бағдарламалар жайлы ақпар алды. Сондай-ақ, кездесуде сервистік қызметтерді дамыту байынша деректер айтылды.

АРМАН АҚСУБАЕВ, ҚР Сыртқы істер министрлігі инвестиция комитеті төрағасының орынбасары:

— Мемлекет басшысы 2029 жылға дейін сырттан 150 млрд доллар тікелей инвестиция тарту міндетін қойды. Ол үшін кәсіпкерлерге түрлі жеңілдіктер жасалып, мәселелерін жылдам шешудеміз. Бүгінде жоспардың 33 пайызы орындалды. Министрлік инвесторларды қолдаудың кешенді жобасын әзірлеуде. Қолдау құралдарын әр өңірдегі кәсіпкерлер білуі тиіс.

Кездесу барысында солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер министрлік өкілдеріне көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды.

 

Нұрасыл Ахмет