Петропавлда педагогтердің облыстық Тамыз конференциясы өтті. Дәстүрлі жиынға “Білім келешегі: Адал азамат, кәсіби маман” тақырыбы берілді. Қатысушылар Оқушылар сарайының 1-ші қабатында қанат жайған көрмемен танысу мүмкіндігін иеленді. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген компаниялар ұстаздарға құжат толтыруды жеңілдететін әрі уақыт үнемдейтін жаңа технологиялар жайлы баян етті. Соның бірі – “ROCED AI” бағдарламасы.
ЛӘЙЛІМ ӨМІРБЕК, “STEM Academia” компаниясының менеджері, Астана:
— Бәрі білетіндей, мұғалімдер сабақ жоспарын сағаттап толтырады. Бұл жаңашылдықтың көмегімен барлық жұмысты 5 минутта істеуге болады. Жасанды интеллект мұғалімнің орнын ешқашан ауыстыра алмайды.
Облыстағы білім беру ұйымдарын цифрландыру соңғы жылдары белсенді жүргізіліп жатыр. Жасанды интеллект, IT-технологияларын салаға енгізу арқылы біраз жетістікке жетуге болады. Ұйымдастырушылар конференцияға келген ұстаздарға осыны ұғындырды. Қатысушылар жаңашылдықтарды өз мектептерінде қолданса, нұр үстіне нұр болатыны сөзсіз.
АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, СҚО білім басқармасының басшысы:
— Республикалық Тамыз конференциясында Мемлекет басшысы педагогтердің рөлін айқындап берді. Мәртебесіне жеке тоқталды. Министрлікке бірқатар міндет қойды.
Ауқымды шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Ол ұстаздарға ұсынылып отырған жаңашылдықтармен танысты. Жобаларға таңданыс білдірді, оң бағасын берді.
Кеңеске өңіріміздің түкпір-түкпірінен 300-ден астам педагог шақырылған. Шарада өткен жыл қорытындыланды, алдағы оқу жылына жоспар құрылды. Ұстаздарды қоғамдық жұмыстарға тартпау сынды өзекті мәселелер де талқыланды. Білім беру – ең негізгі саланың бірі. Биыл бұл бағытқа облыста 164 млрд теңге бөлінген. Аталған сома аймақ бюджетінің 33 пайызын құрайды. Басқосу барысында сөз алған Ғауез Торсанұлы педагогтерден саналы ұрпақ тәрбиелеу ісінде аянбай еңбек етуді сұрады. Конференцияға ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Асылбек Ахметжанов арнайы келген.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Республикалық конференцияда Мемлекет басшысы “Мұғалім – мектептің жаны” деген болатын. Ұстаздардың қоғамда алатын орны ерекше. Сондықтан мәртебесі де жоғары болуы тиіс.
Білім беру саласында орын алып жатқан оң өзгерістерге тоқталсақ. Облыста 450-ге жуық мектепке дейінгі ұйым бар. Мекемелерде 15 мыңнан астам балақай тәрбиеленуде. Қажеттілік 3 пайызды ғана құрайды. Қазір Петропавлдың “Жас Өркен” ықшам ауданында 280 орындық балабақша тұрғызылуда. Нысан қолданысқа берілгеннен кейін шаһарда тапшылық мәселесі туындамайды.
Сала өкілдері – нағыз батырлар. Олар тарыдай болып кірген әр баланы таудай болып шығарады. Әрқайсысы құрметке лайық. Шара барысында 34 адам облыс әкімі мен Оқу-ағарту министрлігі атынан түрлі деңгейдегі марапат алды.
Марапаттарға ие болғандардың ішінде ұстаздар, саланы дамытуға үлес қосқан кәсіпкерлер, білім беру мекемелерінің техникалық қызметкерлері де бар. “Жұмысшы мамандықтары жылы” аясында бірнеше адам қошеметпен ортаға шақырылды. Облыс әкімі көпшілік алдында Қасым-Жомарт Кемелұлынан марапат алған Шолпан Әблемоваға да құрмет көрсетті.
ШОЛПАН ӘБЛЕМОВА, Петропавл қалалық №4 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:
— Президенттің қолынан марапат алу – үлкен абырой. Мойыныма жауапкершілік артылды деп ойлаймын. Саналы ұрпақ тәрбиелеуде жұмысымды жалғастыртын боламын.
Алқалы кеңес соңында “Үздік ауылдық мектеп” облыстық байқауының жеңімпазы анықталды. Сайысқа өңірдегі барлық білім ұясы өтінім берген. Жеңімпаз – Қызылжар ауданындағы №3 Бескөл орта мектебі. Жетістіктерімен, атқарылған жұмыспен ерекшеленген мекемеге 68 млн теңгенің сертификаты табысталды.
АЙНҰР СӘРСЕНОВА, №3 Бескөл орта мектебінің директоры, Қызылжар ауданы:
— Қуанышым қойныма сыймай тұр. Бұл – ұжымның жеңісі. Ұйымдастырушыларға мектептің 5 жылдың ішінде жеткен жетістіктерін ұсындық.
Өңірдегі оқу ұялары жылдан-жылға даму үстінде. Биыл облыстағы 5 мекеме республикадағы 100 мектептің қатарына кірді. Салаға бақандай 1,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Айта кету керек, қазіргі таңда теріскейде 17 мыңнан астам ұстаз жұмыс істейді.
Нұрасыл Ахмет