Балалар

“Өркен” түзету-дамыту орталығының жұмысы

Петропавлда оқу мен сөйлеу қиындықтарына тап болған балалардың дамуына ықпал ететін, ой-өрісті арттыратын “Өркен” түзету-дамыту орталығы жұмыс істейді. Ұйым Оқушылар сарайында орналасқан. Бүгінгі күні мұнда 3 пен 6 жас аралығындағы балақайлар тиісті мамандардан көмек алады.

АЙГҮЛ ӘЛІБЕКОВА, “Өркен” түзету-дамыту орталығының жетекшісі:

Түзету-дамыту орталығы әртүрлі бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Яғни, ерекше балалардың барлығын қамтимыз. Өкінішке қарай, өңірімізде мiнез-құлықтарында ауытқушылығы бар және аутист ұл-қыздардың саны артып келеді. Өзекті мәселені шешу үшін аянбай еңбек етіп жатырмыз. Сабақтарымыз оң нәтижесін беруде.

Балалармен жұмыс істеу оңай емес. Әрқайсысының бабын табу қажет. Сонда ғана өзгеріс орын алады. Мұны білікті дефектолог, логопед, психологтар жақсы біледі.

АЙДАНА ҚАРШЫҒАЕВА, “Өркен” түзету-дамыту орталығының логопед-дефектологы:

Бастапқы кезде біз балаларды орындыққа отырғыза алмаймыз. Одан бөлек, балақайлар педагогпен дұрыс байланыс орната алмайды. Алдымен осы мәселелермен айналысамыз. Ата-аналармен де тілдесеміз, оларға үйдегі жұмысты түсіндіреміз.

Басшылық түзету-дамыту орталығының қызметін кеңейпек. Ол үшін “EL UMITI” корпоративтік қоры қаржылай көмек көрсетіпті. Аударылған қаражатқа сенсорлық бөлме, үлкен бассейн және балақайлардың дамуына әсер ететін құрал-жабдықтар алу көзделген.

ДИНАРА АУҒАНБАЕВА, “Өркен” түзету-дамыту орталығының құрылтайшысы:

Бұл қормен әлеуметтік желі арқылы таныстық. Ұйымның біз сияқты түзету-дамыту орталықтарына қолдау көрсететінін біле сала, өз бағымызды сынап көрейік деп шештік. Ұсынысымыз қолдау тапты. Көрсетіліп отырған көмекке өте қуаныштымыз. Алдағы уақыта орталығымыздың жұмыс сапасы одан әрі жақсара түсетініне кәміл сенімдімін.

Бүгінгі күні “Өркен” түзету-дамыту орталығына 70-тен астам бала келеді. Оның 45-і мемлекеттік тапсырыс аясында тегін көмек алады.

 

Ақтолқын Солтанханқызы