Петропавлда “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауы облыстық кезеңінің жеңімпазы мен жүлдегерлері анықталды. Биылғы сайысқа аймақтағы ынтымағы жарасқан 100-ден астам жанұя қатысты. Соның 28-і шешуші сынға жолдама алыпты. Жиынға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Асқар Хабибулин қатысып, шараның маңыздылығына тоқталды.
АСҚАР ХАБИБУЛИН, СҚО ішкі саясат басқармасының басшысы:
— Облыста байқауға қатысушы отбасылардың қатары жылдан-жылға артып келеді. Жанұяларыңызға бірлік, бүлдіршіндерге бақытты балалық шақ тілеймін.
Аудандық кезеңнен сүрінбей өтіп, облыстық кезеңге жолдама алған отбасылардың бірі – Жанахметовтер жанұясы. Отағасы Талғат Қасымұлы зайыбымен бірге 5 бала тәрбиелеген. Екеуі де өмірін ұстаздыққа арнапты. Балалары да ата-атаның жолын қуған. Барлығының еңбек өтілін қосқанда 200 жылдан асады. Бүгінде ағамыз бен апамыз құрметті еңбек демалысында. “Қазіргі жұмысымыз немере бағу”, – дейді ардагер ұстаз.
ТАЛҒАТ ЖАНАХМЕТОВ, байқауға қатысушы, Айыртау ауданы:
— Бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлеміз. Ұлттық құндылықтарды бала бойына сіңіру – басты мақсатымыз.
Байқауға қатысушы отбасылар құр қол қайтпады. Барлығы түрлі номинация бойынша Алғыс хат пен бағалы сыйлықтарға ие болды. Оларға марапатты өңірге танымал жандар табыстады. Байқау жеңімпазын анықтау үшін арнайы комиссия құрылған. Оның ішінде көпшілікке таныс Жангелді Тәжин де болды.
ЖАНГЕЛДІ ТӘЖИН, Петропавл қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы:
— “Отан – отбасыдан басталады”. Байқау жеңімпаздарын анықтаған кезде ата-ана мен бала арасындағы түсіністікке жіті назар аудардық.
Көптен күткен сәт те келіп жетті. Жүргізушілер байқау жүлдегерлерін кезекпен хабарлады. Үшінші орын петропавлдық Ахметжановтар жанұясына бұйырды. Тұғырдың екінші сатысынан Мамлют ауданынан келген Кустовыхтар отбасы көрінді. Ал бас жүлдені шалақындық Өзбековтер әулеті иеленді. Енді жеңімпаз өңір намысын республикалық кезеңде қорғайды.
КӘМШАТ ӨЗБЕКОВА, байқау жеңімпазы, Шал ақын ауданы:
— Байқауда жеңімпаз атанамыз деген үмітіміз болды. Себебі, өзімнің, жұбайымның, балаларымның жетістігі жетерлік. Қуанышым қойныма сыймай тұр.
Отбасы құндылықтарын дәріптейтін байқау 2013 жылдан бері өткізіліп келеді. Өнегеге толы шара Ақан сері атындағы облыстық филармония әртістерінің концертімен жалғасын тапты.
Нұрасыл Ахмет